Негізгі Жаңалықтар Қояндыда жекпе-жектен ашық турнир өтті

Қояндыда жекпе-жектен ашық турнир өтті


ДИКТОР: Өткен демалыс күндері Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында ұлттық спортты ұлықтаған тағылымды турнир ұйымдастырылды. Әлем чемпионы Мадияр Бисембаевтың жарқын бейнесін еске алуға арналған жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ашық додаға еліміздің бірнеше өңірінен жас спортшылар жиналды. Татамиге шыққан қатысушылар тек жеңіс үшін ғана емес, ұлттық спорттың абыройын асқақтату жолында да бақ сынады.

РКС: Жарысқа Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарынан 130-дан астам жас спортшы қатысты. Жасөспірімдер екі жас санаты бойынша 12 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Турнирдің басты мақсаты ұлттық спорт түрі жекпе-жекті кеңінен насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және Мадияр Бисембаевтың жарқын есімін ұлықтау.

СНХ: АСҚАР ӘДЕКЕНОВ, «АБЫРАЛЫ» СПОРТ КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Жарыстар жақсы өтіп жатыр. Деңгейі спортшыларының, бәрі дайын, сақадай сай. Балалардың деңгейі жоғары. Бұл жекпе-жек ұлттық спорт, өздеріңіз білесіздер, 2012 жылдан бастап қазақ ұлттық спорты енгізілген. Оны олимпиадалық ойындардың деңгейіне кеңестіруіміз керек. Келесі жылдары «Көшпелі ойындарға кіреді». Жекпе-жек баяғыдан дамып келе жатыр. Ә облыс әлсіз деп айта алмаймын. Өйткені өзіміздің ұлттық, өзіміздің рухымыз, ата-бабамыздан келе жатқан жекпе-жек. 

РКС: Спортшылар 13 пен 14 және 15 пен 17 жас аралығындағы санаттарда бақ сынасты. Жарыс барысында қатысушылар өзара мықтыны анықтап, татамиде бар шеберліктерін көрсетті. Әр белдесу тартысты өтіп, жас спортшылардың дайындығы мен жеңіске деген жігері байқалды. Турнир жас буынға тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауға жақсы мүмкіндік болды.

СНХ: НҰРӘЛІ РЫМҒАЛИ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Осы спорт түрінен 45 килограмм дәрежесінде өнер көрсетемін. Жеті жылдан бері қатысамын. Осы спорт түрінен 3 дүркін Қазақстан чемпионымын. Және қоян-қолтық ұрысынан панкратионнан Қазақстан чемпионымын, және спорт шеберіне үміткермін. Осы жарысқа мен ұзақ дайындалдым. Себебі өзіміздің ағамыздың рухын көтеруге және де күшін көрсету үшін. 

СНХ: НҰРҒИСА ҚАЛДЫБАЙ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Бүгінгі жарыста, яғни Мадияр ағамыздың жолын қолдап, чемпион болуға деген ынтамызды көрсетіп, 48 килограммда чемпион боламыз. Мен спортқа келгеніме 1,5 жылдай болды. Қазіргі таңда КМС, Қазақстанда ұттым. Өте қатты ұнайды. Спорт адамға тек ғана намыс оятады деп ойлаймын. 


РКС: Жарыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы мен Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. «Абыралы» спорт клубының тәрбиеленушілері 11 медаль жеңіп алса, елордалық «Алаш Батыры» командасы 6, Степногорск қаласының «АКА» командасы 5, Астананың «Тахтай» командасы 3 медальға қол жеткізді. Көкшетаудың «BZ» командасы 1 алтын және 1 қола, Степногорск қаласының «ASAD» командасы 1 алтын және 1 күміс медаль иеленді.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу