Негізгі Жаңалықтар Елдегі ерлік іздері

Елдегі ерлік іздері


ДИКТОР. «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық кітапхана қызметкерлері «Елдегі ерлік іздері» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі Киікбай Байғараұлының батыр тұлғасы, өршіл рухы, кейінгіге қалдырған асыл сөздері ортаға салынды. Тарихты зерттеушілер, батыр бабаның ұрпақтары, жастар пікір алмасып, өткенге шолу жасады. 

РКС. Киікбай Байғараұлы XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста ерекше көзге түскен жаужүрек батыр, әрі ел басқарған мәмілегер би. Абылай ханның өзі оның батырлығы мен шешендігін, әділдігін жоғары бағалаған. Ел арасында "Киікбай шешен" деген атпен де белгілі болып, жер дауы мен жесір дауын шешуде әділ төрелік айтқан. Ресей империясының мұрағаттық құжаттарында Орта жүз руларының ішкі ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан ықпалды өкіл ретінде есімі аталады.  

СНХ ҒАЛЫМ МҰСАТАЙ, ӨЛКЕТАНУШЫ: Абақ Керейден тарайды, Монғолияда, Қытайда көпшілігі біздің жерлерде де тұрып жатыр ұрпақтары. Керемет батыр болған. Бір батырлығы жолбарысты қолымен өлтірген дейді. Ол енді оңай шаруа емес қой, кенеттен жолбарыс атылғанда қолымен өлтіргені жайлы кітаптарда жазылды 

РКС. Хариқазы Қодарханұлы Киікбай батырдың жетінші ұрпағы саналады. Ата-бабасының туған топырағына Монғолия елінен қоныс аударғаннан бері ержүрек, батыр аталары жайлы мағлұматтарды іздеп, тың деректерді көзі шалса оқып, ұрпағының зердесіне тоқытып жүр.

СНХ ХАРИҚАЗЫ ҚОДАРХАНҰЛЫ, КИІКБАЙ БАТЫРДЫҢ ЖЕТІНШІ ҰРПАҒЫ: Біздің шыққан тегіміз, ата-бабамыз шежіреміз ешқандай мағлұмат болмады. Тек қана ақсақалдардың әңгімесінен бабаларымыз осындай болған деген ауызша ғана соның соңына түсіп, себебін тауып, ол қалай еді деп білістіруге біздің ой-шамамыз болмады. мағлұмат тым аз, әсіресе жазба кітап, ғылыми тұрғыда тым аз 

 РКС. Ел аузында Абылай хан «Жауды жеңдік, енді кімнен қорқамыз?» дегенде, Киікбай батырдың: «Ел ішіндегі көреалмаушылық пен бектердің таққа таласынан қорқамын» деп тура айтқан сөзі аңыз болып қалған. Тарихқа қызығушылық танытатын жастар бабалардың есті сөздерін естеріне сақтауға тырысады. 


СНХ ЖАСҰЛАН КОМИС, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: менің ойымша осы Көкшетаудың жастары болып тарихты оқуға шақырамын. Біздің ата-бабаларымыздың еңбегін, біздің халық болып қалуымызды, бостандығымыз қалай келгенін біліп жүруіміз қажет. Әр азамат өзінің тарихын, ата-бабаларының тарихын білуге міндетті 


РКС. Қалмақтармен болған кескілескен жекпе-жекте ауыр жараланып, қаза тапқан Киікбай Байғараұлы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Сергеевка ауылының маңында мәңгілік тыныс тапқан. Батыр жерленген жердің жанында "Киікбай адыры" деп аталатын жер бар. Оның басына тұрғызылған ескі кесенені кейін ұрпақтары мен жергілікті азаматтар қайта жаңғыртып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Дөңгелек үстел басында батырға қатысты мәліметтер айтылып, зерттеушілер пікірлерін ортаға салды. 


ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ-АҚПАРАТ.


Бөлісу