Негізгі Жаңалықтар Ақмолалық полицейлер жауынгерлік жекпе-жектен сынға түсті

Ақмолалық полицейлер жауынгерлік жекпе-жектен сынға түсті


ДИКТОР: Ақмола облысының түкпір-түкпірінен келген 80-нен астам полиция қызметкері Сандықтау ауданында өткен жауынгерлік жекпе-жектен ведомстволық чемпионатқа қатысып, жеті салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша үздіктер облыс намысын республикалық жарыста қорғайды.

РКС: Спорт алаңында – тартысты бәсеке, дәл орындалған әдіс пен жоғары шоғырлану. Қатысушылар үшін бұл жай ғана спорттық сайыс емес, кәсіби дайындықтың бір бөлігі. Полицейлер үшін дене дайындығы мықты болумен қатар, нақты қарсыласу жағдайында жылдам шешім қабылдап, жағдайды бақылауда ұстау маңызды. Чемпионат аудандық спорт кешенінде өтті. Қатысушылар облыс құрамасына ену мүмкіндігі үшін бақ сынасты.

СНХ: АСЛАН ҚЫЗБИКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Баршаңызды құттықтаймын. Аудандардан қаншама команданың келгені өте қуанышты. Жарайсыңдар. Барлығыңның жақсы дайындалғандарыңды білемін. Өздеріңізді жақсы қырларыңыздан танытып, лайықты жеңіске жетулеріңізге тілектеспін.

РКС: Әр жекпе-жек күш, төзімділік пен шеберлікті сынайтын сәт. Жауынгерлік жекпе-жек спортшылардан жақсы дене дайындығын ғана емес, тәртіпті, сабырлылықты және қажетті сәтте дәл қимылдай білуді талап етеді. Сайыс қорытындысы бойынша Ризабек Кенесары, Жолдасбек Әзенов, Куссем Аққұзов, Ерсұлтан Болат, Әмір Шәмелов, Айболат Әлібеков және Қуандық Төлеген өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.

СНХ: ЖОЛДАСБЕК ӘЗЕНОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ: Бүгін 67 салмақта 1-ші орын алдым. Жақсы нәтижеде өтті. Қарсыластар жақсы дайындалған. Осындай жарыстар көп болса деймін.

РКС: Жалпы командалық есепте бірінші орынды Ақмола облысы Полиция департаментінің командасы иеленді. Екінші орынға Бурабай ауданының полиция бөлімі қызметкерлері жайғасса, үшінші орын Көкшетау қаласы Полиция басқармасының командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің басты мақсаты мықтыларды анықтау ғана емес, мұндай жарыстар қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл дағдылар құқық бұзушыларды ұстау, заңсыз әрекеттердің жолын кесу және басқа да қызметтік міндеттерді орындау кезінде аса қажет. Енді үздік полицей-спортшылар республикалық жарысқа дайындалыр, өңір намысын қорғайды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу