«Оқжетпес» Қазақстан кубогын жеңіп алды
ДИКТОР: «Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. 5-10 қазан аралығында Көкшетауда өткен республикалық турнирге еліміздің алты командасы қатысты. Көкшетаулық команда финалда елордалық «Tigers» клубын 59:57 есебімен жеңіп, кубокті иеленді.
РКС: Финалдық кездесудің алғашқы минуттарында қос команда да сақ ойнап, қарсыласының қарқынын байқауға тырысты. Дегенмен бірінші ширекте «Оқжетпес» басымдық танытып, 14:8 есебімен алға шықты. Көкшетаулықтар дәл соққыларымен көзге түсіп, ойын тізгінін өз қолында ұстауға ұмтылды. Алайда екінші ширекте елордалық команда ойын қарқынын үдетіп, есеп айырмасын қысқартты. Нәтижесінде бұл кезең 23:22 есебімен «Tigers» пайдасына аяқталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Үшінші және төртінші ширектерде тартыс күшейе түсті. Ойынның соңғы минуттарында екі команда да жеңіске жету үшін барын салды. Қарсыластар бір-біріне дес бермей, соңғы секундтарға дейін тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде «Оқжетпес» қарсыласынан 59:57 есебімен басым түсіп, Қазақстан кубогын жеңіп алды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: КАМИЛА АМАНЖОЛОВА, «ОҚЖЕТПЕС» БАСКЕТБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Көкшетау командасының сапында он екі жыл қатарынан ойнап келемін. Бүгінгі ойын жанкүйерлер үшін тартысты өтті. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Ойынды сенімдірек өткізіп, қарсыластан кем дегенде 20-30 ұпай айырмасымен басым түскіміз келген. Бірақ құрамға жаңа ойыншылар қосылғандықтан, қазір команда әлі бір-біріне бейімделіп жатыр. Қарсыласымыз да жақсы дайындалған, екі команда да барын салды.
СНХ: АНДРЕЙ МАУЛЬ, «ОҚЖЕТПЕС» БАСКЕТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биыл Қазақстан кубогының Көкшетауда өткенін ерекше қаладық. Өйткені жергілікті жанкүйерлеріміз өз командасын қолдап, қаламызда қыздар баскетболының дамып келе жатқанын көрсін дедік. Былтыр күміс жүлдегер атандық. Биыл құрамды күшейте отырып, жергілікті ойыншыларды сақтап қалдық. Әрине, эмоция көп. Бұл – Көкшетау баскетболы үшін тарихи жеңіс. Ойын біз жоспарлағандай өрбіген жоқ. Қыздар қобалжыды. Оның үстіне, кеше көшбасшы ойыншыларымыздың бірі жарақат алып, алаңға шыға алмады. Соған қарамастан, команда міндетін орындады. Қыздар жарады! Сондай-ақ, бізге қолдау көрсеткен демеушілерімізге, облыс басшылығына, клубтың құрметті президентіне және спорт саласының өкілдеріне алғыс айтамыз. Алда жаңа маусым күтіп тұр. Жанкүйерлерімізді әлі талай жеңіспен қуантамыз деп сенеміз.
РКС: Турнир аясында Қазақстан баскетбол федерациясы мен «Оқжетпес» клубы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында ұлттық құраманың дайындығын күшейтіп, өңірде баскетболды дамыту көзделген. Федерация басшысының айтуынша, Көкшетауда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік мол. Ендігі міндет - осы әлеуетті тиімді пайдаланып, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізу.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ