Ерлікке тағзым, ұрпаққа ұлағат
ДИКТОР: Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген адалдық, халық алдындағы жауапкершілік... Бұл құндылықтардың негізі мектеп қабырғасында қаланады. Осы орайда Көкшетау қаласындағы №21 мектеп-лицейінде алғаш рет «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Айтулы сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғалиев Аян Ерболғанұлының есімі берілді. Ер есімі-ел есінде. Батырдың өнегелі жолын ұлықтап, есімін жас ұрпақтың жадында жаңғырту ерлікке көрсетілген құрмет, елдікке берілген тағзым деп бағаласа болады. Сондықтан болар бұл күннің мектеп оқушылары мен тәртіп сақшылары үшін орны бөлек, маңызы ерекше болды.
РКС:Аян Ғалиевтің ерлігі Отанға адалдық пен антқа беріктіктің жарқын үлгісі. Оның есімі ел жадында сақталып, ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Бүгінде батырдың есімін иеленген «Жас сақшы» сыныбының ашылуы осы ерлікті ұлықтап, жас буынның бойына отансүйгіштік рухты сіңіруге бағытталған тағылымды бастама. Салтанатты рәсімде оқушылар ант қабылдап, елге адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге уәде берді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРНАЗ САҒЫНДЫҚОВ, ЖАС САҚШЫ: Бүгін мен өте қуаныштымын. Өйткені мен жас сақшы. Болашақта мен отанымды қорғауға дайынмын.
СНХ: ЕРЖАН СЕЙІТОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аян Ғалиевтің бүгінгі «Жас сақшы» сыныбының ашылуы бірінші рет. Бұл әріптесіміз Алматы облысының тумасы. Өзінің қызметтік міндетін орындау барысында қылмыскерді тоқтату үшін атыс қаруын қолданған. Атыс барысында өзі жарақат алып, қайтыс болған. Бұл біздің бірінші бастамамыз. Алдағы уақытта осындай сыныптарды ашу жоспарда бар. Бұл полиция старшинасы Аян Ғалиевтің ерлігі Қазақстан Республикасының жарлығымен 2 дәрежелі «Айдын» орденімен марапатталған. Бұл батыр, полиция қызметкері барлығымызға үлгі болады.
РКС:Ант қабылдаған 19 оқушы 7 сынып білім алушылары. Олар үшін бұл күн жаңа міндеттер мен үлкен жауапкершіліктің бастауы болды. Батыр есімін иеленген жас сақшылар енді тәртіп пен талапты ту етіп, Отанға адал қызмет етуді басты ұстанымдарының біріне айналдырмақ. Ал жасөспірімдердің бойына осы құндылықтарды сіңіріп, олардың азамат болып қалыптасуына бағыт-бағдар беру ұстаздарға жүктелген маңызды міндет.
СНХ: АНАР ЖАМАНҒАЛИНА, №21 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Жас сақшы-Отанына, еліне патриот азаматтар. Болашақта «Заң және тәртіп» идеясы негізінде мектеп табалдырығынан бастап оқушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және еліне, жеріне деген адамгершілік қасиеті. Отаншылдық қасиетті дамыту болып табылады. Балаларымызға болашақта сәттілік тілеймін.
РКС: Ант. Жай ғана сөз емес. Бұл, азаматтық ұстанымның айғағы, ел алдындағы серт, болашаққа артылған сенім. Бүгінгі жас сақшылардың жүрегіне ұялаған патриоттық рух, ертеңгі ел қорғаны болуға деген ұмтылысқа жол. Өйткені елдің ертеңі, рухы биік, тәртібі берік, Отанына адал ұрпақтың қолында.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ