Негізгі Жаңалықтар Каратэшілер әлем чемпионатына аттанады

Каратэшілер әлем чемпионатына аттанады


ДИКТОР: Ертең ақмолалық каратэшілер қарашаның 27-сі мен 29-ы аралығында Сербияның Белград қаласында өтетін каратэ-до шотоканнан Әлем чемпионатына аттанады. Дәл осы күндері Самарқанд қаласында Азия чемпионаты да ұйымдастырылады. Ауқымды додаларда өңіріміздің 20 спортшысы бақ сынайды. Жарыстарға дайындық барысы туралы тілшіміз Евгений Варанкин баяндасын.

РКС: Әлем чемпионатында 40-тан астам елден келген мыңнан артық спортшы өзара мықтыны анықтайды. Додаға 10 ақмолалық каратэші қатысады. Қазір қос чемпионатқа дайындық қызу жүріп жатыр.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: РУСЛАН ДҮКЕМБАЕВ, ҚР СПОРТТЫҚ КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Екі додаға біз бір ай емес, жарты жылға жақын дайындық жасадық. Балалар сақадай сай дайын. Амандық болса, балаларымыз үлкен тұғырдан, биіктен көрінеді деген ниеттеміз. Жылда біздің командамыз Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және Әлем кубогы деген үлкен халықаралық додаларға қатысып жүр. Нәтижеміз жаман емес, өте жақсы, жоғары деңгейде өз өнерлерін көрсетіп жатыр біздің спортшыларымыз. 

РКС: Аталған додаларға балғын спортшылардан бөлек, 18 жастан асқан жас спортшылар мен ардагерлер де қатысады. Федерация президенті Руслан Дүкембаев те жарыс жолына шықпақ. Қазір команданың басты мақсаты – алдағы әлем чемпионатында ересектер арасында әлем чемпиондарын даярлау. Бұған дейін ақмолалық спортшылар ересектер санатында мұндай нәтижеге қол жеткізген емес.

СНХ: РУСЛАН НИКОЛЕНКО, КАРТЭ-ДО ШОТОКАННАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ: Дайындық оқу жылының басынан бері жүргізіліп келеді. Спортшыларымыздың барлығы жақсы деңгейде өнер көрсетіп жүр. Әрқайсысына сәттілік тілеймін. Елге мол олжамен, алтын медальдармен ораламыз деп үміттенемін. Бұл Әлем және Азия чемпионаттарынан күтеріміз көп. Ересектер арасында ерлер мен әйелдерден Әлем чемпиондарын шығаруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, балалар, кадеттер мен жасөспірімдер арасында Азия чемпиондарын тәрбиелеуге ниеттіміз.

РКС: Қос чемпионатқа қатысатын спортшылардың қатарында тәжірибелі каратэшілермен бірге жас таланттар да бар. Солардың бірі – Әмір Бағдатов. Ол каратэмен үш жасынан бастап айналысады. Жас спортшы бұған дейін де халықаралық жарыстарда топ жарып үлгерген. Енді ол алдағы додаларда да жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлде салуды мақсат етеді.

СНХ: ӘМІР БАҒДАТОВ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСУШЫ: Каратэмен үш жасымнан бастап айналысып келемін. Бұл спорт түрімен шұғылданып жүргеніме алты жылдан асты. Мұнда келген себебім – каратэ маған бірден ұнады. Алғашқы сынақ жаттығуына қатыстым. Барлығы ұнады. Ең алғашқы жаттықтырушым – сэнпэй Адема. Мені жаттықтырғаны үшін оған алғыс айтамын. Кейін сенсей Русланның тобына ауыстым. Ол маған көп нәрсе үйретіп, жаттықтырды. Былтыр Азия чемпионатына қатысып, бірінші орын алдым.

РКС: Жас спортшылардың жетістігі – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Каратэ баланың физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке баулиды. Ал халықаралық жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Ақмолалық каратэшілердің ендігі мақсаты – Белград пен Самарқанд төрінде көк туды биікте желбірету.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу