Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай Ақмола облысының 200-ден астам сала өкілі қажырлы еңбектері үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Он қызметкерге автокөлік пен пәтердің кілті табысталды. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін өңір басшысы Марат Ахметжанов мақтан тұтарлық жетістіктерімен құттықтады.
РКС: Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі екі еседен астамға өсіп, былтыр 1,17 трлн теңгеге жетті. Азық-түлік өндірісі 3,4 есе артты. Облыс өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға елеулі үлес қосты,-деді өз сөзінде өңір басшысы Марат Ахметжанов. Аграрлы аймақтың әлеуетін Мемлекет басшысы да баса айтып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан үлесіне де ерекше тоқталған болатын. Биыл облыс диқандары 6,3 млн тонна астық жинады. Жиналған астықтың 90 процентке жуығы жоғары сапалы үшінші сұрыпты бидай болса, майлы дақылдардың рекордық өнімі 839 мың тонна болғаны да салтанатты шара барысында айтылды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңіріміздің дамуын, азық-түлік қауіпсіздігін айқындайтын жандарға құрмет көрсетеміз. Сіздердің кәсібиліктеріңіз,көп жылғы тәжірибелеріңіз бен өз істеріңізге деген адал еңбектеріңіздің арқасында сапалы өнім өндіру көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдар дамып, облыс экономикасы нығаюда. Жерлестеріміздің еңбегіне берілген жоғары атақ ол Президентіміздің жуырдағы Жарлығы. Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің 3-ші форумында марапаттады және мемлекеттік наградаларды табыстады.
РКС: Мал шаруашылығы саласы да дамып келеді. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаты 5,8 мың басқа арналған ірі 6 сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді. 10 айда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірілген тауарлы сүт көлемі өсіп, 79 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ асыл тұқымды ортаықтар, 150 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдары мен заманауи ет өңдеу кешенін құруды көздейтін ет кластерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Келесі жылға жоспарланған шаруалар бүгіннен пысықталуда.
СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тұқым жүз пайыз дайындалды. Қазіргі уақытта 20 өтінімді аграрлық кредиттік корпорация қабылдады. 2 млрд теңгеге, «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша. Дайындалған тұқымдарды зертханаларға тапсыру белгілі бір стандартқа сәйкес келтіру үшін тазалау, іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылға егін егу жұмыстарына 14 мың дана техника жұмылдыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта осы техника паркін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруалар жаңа техника сатып алуға дайындалып жатыр.
РКС: Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 15 тұрғыны мемлекеттік наградаларға ие болды. Көкшетауда өткен салтанатты шарада агроөнеркәсіп кешенінің 200-ден астам қызметкеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, алғыс хаттар мен басқа да марапаттар табыс етілді. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, өңдеу өнеркәсібінің, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларының өкілдері бар.
СНХ: РЫСБОЛАТ БЕКЕЖАНОВ, МЕХАНИЗАТОР (ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ): Осы салада 33 жыл қызмет етеміз. Мемлекетке рахмет, осындай көңіл бөліп, еңбегімізді ақтап, ептеп дәрежелерге жетеміз, жетістіктерге жетеміз деп жатырмыз. Алдағы жоспарларымыз мол өнім, егін саласындағы көмегімізді жасаймыз деп тұрмыз.
СНХ: АЗАМАТ СӘДУАҚАСОВ, МЕХАНИЗАТОР (ЖАҚСЫ АУДАНЫ): Жастарға айтарым, көбі ауыр жұмыстарға барғылары келмейді. Сол үшін жастарды шақырам. Нан болса, ән болады дегендей, егініміз мол болсын, ауа райы қолайлы болсын бізге.
РКС: Салтанатты шараның ең есте қаларлық бөлігі –саланың он қызметкеріне автокөлік пен пәтер кілтін табыстау рәсімі болды. Осылайша жылдар бойы адал еңбектеніп, жер өңдеп, мал бағып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.
Интершум:
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.