Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда инклюзивті спорт фестивалі өтуде

Көкшетауда инклюзивті спорт фестивалі өтуде


ДИКТОР: Көкшетауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі басталды. Бұл өңірлік спорттық шара балалардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етуді және оларда белсенді өмір салтына деген қызығушылықты оятуды көздейді. Жас қатысушылар бақ сынасқан спорт түрлері жайлы тілшіміз тарқатады. 


РКС. Спорттық ойындарда 100-ден астам қатысушы бақ сынады. Жас спортшылар командаларға бірігіп, үш түрлі жарыста өзара сынға түсті. 5–6 және 7–8 сынып оқушылары бочча бойынша, 3–4 сынып оқушылары, инклюзивті командалық эстафетада және 7–8 сынып оқушылары командалық жүгіру жарысында бақ сынасты.


СНХ:КРАУС ШЕХКЕРИМ, «ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР» ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен мәнерлеп сырғанау, бочча, секіру және жеңіл атлетика жарыстарына қатыстым. Мұнда бірінші орын алып, ата-анамды қуанту үшін келдім. Сондай-ақ, осы жарыстарға қатысуымызға мүмкіндік жасап, бәрін ұйымдастырған жандарға зор алғысымды білдіремін.

РКС: Фестивальдің негізгі идеясы – аралас командалар құру. Топтар жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен ерекше қажеттіліктері бар балалардан жасақталады. Мұндай тәсіл құрдастар арасында өзара сыйластықты қалыптастырып, бірлесіп әрекет етуге үйретеді.


СНХ: ЮЛИЯ АБИШИДОВА, «ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР» ФЕСТИВАЛІНІҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Басқаша айтқанда, әр командаға нейротипті сыныптастарымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар бір бала кіреді. Бұл жоба неліктен ерекше қажеттіліктері бар балалар мен нейротипті балаларды біріктіреді? Олардың әлеуметтенуі және өзара қарым-қатынас орнатуы үшін. Бұл фестиваль ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіруге, ата-аналарға балаларының мүмкіндіктеріне деген сенімділікті ұялатуға және елімізде паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.

СНХ: ВЕРА ГЕЛЬМАН, КОМАНДАЛЫҚ ЭСТАФЕТА БОЙЫНША ТӨРЕШІ: Бұл жарыстардың осында, Қазақстанда өтіп жатқаны өте керемет деп ойлаймын. Олар балалардың басын шынымен біріктіреді. Бұрын өзім де жарыстарға қатысушы болғанмын, ал қазір төрешімін. Өткен жылы балаларым екеуміз Астанадағы ұлттық жарыстарға қатысып, жеңіл атлетикадан аймақтық кезеңде бірінші орын алдық.

РКС: Іс-шараны «Әділет» партиясы мен білім беру, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт басқармалары бірлесіп ұйымдастырып отыр. Фестиваль екі күн жүреді. Жарыс қорытындысы бойынша елдің 20 өңірінен қатысушылар бақ сынайтын ұлттық чемпионатқа үздік командалар іріктеліп алынады.


НАИР ЗАХОВАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.


Бөлісу