Алғаш рет асқазанды лапароскопиялық шунттау операциясы жасалды
ДИКТОР: Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасында алғаш рет асқазанды айналып өту лапароскопиялық отасы жасалды. Бұл ота танымал қазақстандық хирург Орал Оспановтың жетекшілігімен өткен бариатриялық хирургия бойынша шеберлік сабағы аясында жүзеге асырылды. Аталған әдіс семіздікті және онымен байланысты зат алмасу бұзылыстарын, соның ішінде 2-типті қант диабетін емдеу үшін қолданылады.
РКС: Бұл процедураның ерекшелігі — хирургтардың диабеталды белгілері бар пациентке ота жасауында болды. Диабеталды — қандағы глюкоза деңгейі қалыпты көрсеткіштен асатын, бірақ әлі 2- ші типті қант диабетінің критерийлеріне сай келмейтін жағдай. Пациентке семіздік пен онымен байланысты метаболикалық бұзылуларды емдеу мақсатында асқазанды айналып өту бойынша лапароскопиялық ота жасалды.
СНХ: ОРАЛ ОСПАНОВ,ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХИРУРГ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Көкшетау қалалық ауруханасының хирургтарымен бірлесе отырып, біз бұл отаға Mindray және Turan компанияларының қолдауымен қол жеткіздік. Қолданылған жабдықтар өте сапалы болды, соның арқасында ота еш қиындықсыз және қолайлы жағдайда өтті. Бұл Көкшетауда бариатриялық және метаболикалық хирургияның кеңінен енгізілуіне жол ашады деп сенемін, енді пациенттерге мұндай оталар үшін басқа өңірлерге, елордаға немесе өзге қалаларға барудың қажеті болмайды.
РКС: Ота барысында хирургтар асқазан мен аш ішектің анатомиялық құрылымын өзгертті. Бұл әдіс тағам қабылдау көлемін азайтуға және ағзадағы зат алмасу процестеріне әсер етуге мүмкіндік береді. Шеберлік сабағын өткізу Ақмола облысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы маңызды қадам болды.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.