Муай-тайдан облыстық ашық чемпионат өтті
ДИКТОР: Кіл мықтыдан - кім мықты? Көкшетауда муай-тайдан ашық облыстық чемпионат өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған жарысқа 10 мен 23 жас аралығындағы 125 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
РКС: Астаналық Қайсар Қосманов муай-таймен жеті жылдан бері айналысады. Бұған дейін қалалық жарыстарда топ жарып, Қазақстан мен Қырғызстан чемпионаттарында да жеңіске жеткен. Бүгін де шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеуге ниеттенді.
СНХ: ҚАЙСАР ҚОСМАНОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /АСТАНА ҚАЛАСЫМен Астана қаласынан келдім. 14-15 жас аралығындағы 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Жаттықтырушыларыма алғыс айтқым келеді.
РКС: Жарыста жігіттермен қатар қыздар да бақ сынады. 14 жастағық қостанайлық Анастасия Вестеренко үшін бұл - алғашқы жарыс. Жаттығуды бастағанына жарты жылдан асса да, жас спортшының мақсаты айқын.
СНХ: АНАСТАСИЯ ВЕСТЕРЕНКО, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ /ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ: 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Бұл - менің алғашқы жарысым. Қатты қобалжып тұрмын, бірақ өзімді сынап көргім келеді.
РКС: Муай-тай жекпе-жектің бір түрі. Мұнда қолмен ғана емес, шынтақ, тіземен де соққы жасалады. Төрешілер чемпионатқа қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келгенін айтады.
СНХ: ДИАНА САВИНА, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ КОМАНДАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Біздің клубымыз «Спарта» деп аталады. Өзім төреші, рефери болып жұмыс істеймін. Ұйымдастырушылар шақырған соң, жаңа тай бокс федерациясын қолдап келдік. Бұл спорт түрін жақсы көреміз, дамуына үлес қосып жүрміз. Өзім де тай боксына қатысатын спортшының анасымын. Сондықтан жас федерацияны қолдауға қуана келдік.
СНХ: МҰРАТ НҰРИЕВ, МУАЙ-ТАЙДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ САНАТТАҒЫ ТӨРЕШІСІ: Жалпы, жарыс жақсы өтті. Төрешілер де тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Жекпе-жектер әділ өтіп, әр спортшы өз деңгейін көрсетті. Мұндай турнирлер спортшылардың шыңдалуына, өсуіне ықпал етеді. Сондықтан жарыстарды жиі өткізіп, жұмысты жалғастыру керек. Алда әлі талай жетістікке жетуге болады.
РКС: Тартысқа толы жекпе-жектің қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталды. Көзге түскен жастарды алда республикалық деңгейдегі бәсекелер күтіп тұр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ