Негізгі Жаңалықтар Қазақстанда психологтың кәсіби стандарты бекітілді

Қазақстанда психологтың кәсіби стандарты бекітілді


ДИКТОР: Елде психологтың кәсіби стандарты бекітілді. Құжат мамандардың біліміне, біліктілігіне және кәсіби дағдыларына қойылатын талаптарды айқындайды. Жаңа ережелер білікті психологтар мен қажетті даярлығы болмаса да, психологиялық көмек көрсетіп жүрген адамдардың қызметін ажыратуға мүмкіндік береді.

РКС: Психологиялық көмектің сапасы мәселесін бұған дейін Мемлекет басшысы да көтерген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға ақыл айтып, пайда табатын әрі оларды жаңылыстыратын жалған психологтар мен коучтардың көбейіп кеткеніне назар аударған еді.

СНХ: КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс. 

РКС: Жаңа стандарт психологтарды даярлауға, олардың кәсіби құзыреттерін бағалауға және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сондай-ақ құжатта мамандардың еңбек функциялары мен қажетті дағдылары көрсетілген. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында жұмыс істейтін, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын психологтардың оқуы мен қолданатын әдістеріне қатысты талаптар да жеке қарастырылған.

СНХ: АҚНҰР ТӨЛЕБАЕВА, ПСИХОЛОГ: Жалған психологтарды қатаң іріктеуден өткізетін болады. Яғни бұл 3 айлық курстардан немесе қайта даярлау курстарынан өткен адамдар болмауы керек. Өйткені психология 4 жылдық бакалавриат пен екі жылдық магистратураны қамтитын мамандық. Мұндай мерзім бекер белгіленбеген. Себебі, бұл кезеңде меңгерілетін білім қоры өте ауқымды.

РКС: Стандартта балалар психологтары, спорт психологтары, арнайы психопедагогика мамандары және жеке практикамен айналысатын психологтар үшін біліктілік талаптары қарастырылған. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті бұйрығы бүгін, 13 қазанда күшіне енеді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ. 


Бөлісу