Негізгі Жаңалықтар Ауданда «Жарқайыңнан – әлем төріне!» іс-шарасы өтті

Ауданда «Жарқайыңнан – әлем төріне!» іс-шарасы өтті


ДИКТОР: Жарқайың ауданында спортшыларға, жаттықтырушыларға және спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Мұнда қарт адамдарды қолдау айлығы мен мүгедектігі бар адамдар күніне орай «Жарқайыңнан – әлем төріне!» атты іс-шара өтті. Бағдарлама аясында жастар форумы, шеберлік сабақтары және марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

РКС: Әсем Жанәділова үшін спорт 2017 жылы өмірінің бір бөлігіне айналды. Бүгінде ол паражеңіл атлетикадан халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүр. Биыл спортшы Чехияның Оломоуц қаласында өткен World Grand Prix кезеңінде қола медаль жеңіп алды. Енді ол Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Параазия ойындарына қатыспақ.

СНХ: ӘСЕМ ЖАНАДІЛОВА, ҚР СПОРТ ШЕБЕРІ: 2017 жылы спортқа келдім. Мені Данияр Серікұлы аудандық «Надежда» жарысына қатысуға шақырды. Дартстан жарысқа қатысқаным есімде. Тапсырманы тез орындап шықтым. Ешкім көрмесін деп тез-тез ойнап, кеттім. Біраз уақыттан кейін ол маған телефон соғып: «Сен дартстан бірінші орын алдың», – деді. Мен: «Мүмкін емес!» – дедім. Ол: «Иә», – деп жауап берді. Содан кейін олар мені Көкшетауда өтетін облыстық «Надежда» жарысына дайындай бастады. Көкшетауға алғаш рет бардым. Сол жерде жақсы нәтиже көрсеттім.

РКС: Спортшылардың өмір жолы жастар форумының негізгі тақырыбына айналды. Әсем Жанәділовамен бірге кездесуге 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері, Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы Наиль Башмаков және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, гір спортынан Қуаныш Нұрғожин қатысты. Қонақтар жастардың сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бағдарламаның практикалық бөлімі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жалғасты. Мұнда штанганың төрт жиынтығы таныстырылып, гір спортынан шеберлік сабағы өткізілді. Сонымен қатар мектеп ғимаратын абаттандыруға екі миллион теңге көлемінде сертификат табысталды.

СНХ: ЕРКЕБҰЛАН ШАЙМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Баршаңызды осындай мерекеңізбен құттықтаймын! Ең бірінші осындай іс-шараны ұйымдастырушы осы Жарқайың ауданының әкімдігіне, Ербол Каримович, сізге үлкен алғысымды білдіремін. Осындай Жарқайың ауданының жетістіктері көбейе берсін! Сіздерге жұмыстарыңызға табыс тілеймін, жеңісті күндеріміз көп болсын! 

РКС: Салтанатты шара барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауданда спорттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Спортшыларға, параспортшыларға, жаттықтырушыларға, волонтерлер мен меценаттарға алғыс хаттар және 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ спорт саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Оларға «Қазақстан Республикасының спорт ардагері» төсбелгілері мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттары берілді. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу