Негізгі Жаңалықтар Колледж оқытушлары jeti qazyna зияткерлік ойынында бақ сынасты

Колледж оқытушлары jeti qazyna зияткерлік ойынында бақ сынасты


ДИКТОР: Көкшетауда тұңғыш рет JETI QAZYNA зияткерлік ойыны бойынша чемпионат ұйымдастырылды. Он колледж оқытушылары ойын үстелінде кездесіп, түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта ойынның ауқымын кеңейтіп, облыстық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жолы үш колледж үздік атанды. Тілшіміз толығырақ баяндайды.  

РКС: Жоғары техникалық колледжінде ұйымдастырылған «JETI QAZYNA» қалалық чемпионаты Көкшетаудағы 10 орта кәсіптік білім беру ошақтарының педагогтері мен өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараны «JETI QAZYNA» жобалық тобымен бірлесе отырып, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту жөніндегі өңірлік орталық ұйымдастырды. Жарыс жеті кезеңнен тұрды, ал әр кезеңде жеті сұрақ қарастырылған. Сұрақтар тақырыбы ауқымды: мәдениет пен өнерден бастап, механика және электр энергетикасына дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Бұл формат қатысушыларға өз білімдерін тексеріп қана қоймай, жаңашылдыққа бейімделуге, тәжірибе алмасуға және таныс дүниелерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

 СНХ НАРТАЙ ЫБЫРАЕВ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ БАСШЫСЫНЫҢ КӘСІБИ ОҚЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: негізгі мақсаты ¬– оқытушылардың жұмыстарынан тыс өздерінің интеллектуалды дамуын, кәсіби дамуын, құзіреттіліктерін арттыру, алдағы мақсаттарымыз облыстық лига ұйымдастыру оқытушылар арасында. Екінші кезеңде мектеп оқушылары мен мұғалімдері осы лиганы жалғастыру, колледждердегі жұмысшы мамандықтарды насихаттау, колледждегі мамандықтарды мектеп оқушыларына осы Жеті қазына ойыны арқылы таныстыру.

РКС: Қатысушылар үшін бұл чемпионат жалпы білімдерін сынап көру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу алаңы да болды. Колледж өкілдері мұндай форматтардың оқу процесінде, әсіресе жастармен жұмыс істеу барысында пайдалы бола алатынын атап өтті.


СНХ: БАҚЫТ СЕЙІТАХМЕТОВА, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Жеті қазына деген ойынға алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл керемет идеология. Өз тарихын білген, өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға үлгі ретінде осы ойын деп ойлаймын. Студенттермен бірнеше ойындарға қатыстық экология жағынан, интеллектуалды, спорттық сайыстарға қатыстық, ал бұл әріптестердің арасында өте қызық болып тұр. 

РКС: Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің командасы қалалық деңгейде алғаш рет өткізілген «Жеті қазына» чемпионатында бірінші орынды иеленді. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің өкілдері екінші орынға, ал «Арна» жоғары колледжінің командасы үшінші орынға тұрақтады. Ұйымдастырушылар жобаны облыстық деңгейге дейін кеңейтіп, осы зияткерлік сайысқа Ақмола облысындағы колледждер мен мектептерді тартуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жастарға кәсіби бағдар беру, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және болашақ мамандығына қатысты саналы шешім қабылдау үшін мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтеді.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ-АҚПАРАТ. 


Бөлісу