Негізгі Жаңалықтар Көкшенің қаламы ұшқыр ақыны Серік Жетпісқалиев студенттермен кездесті

Көкшенің қаламы ұшқыр ақыны Серік Жетпісқалиев студенттермен кездесті


ДИКТОР: Көкшенің көрнекті қаламгері Серік Жетпісқалиев Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенттерімен жүздесіп, жыр мен руханиятқа толы тағылымды кештің қонағы болды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесу барысында жастар ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне тереңірек үңіліп, қаламгерлік қырларымен жақын танысты. 

РКС: Серік Сапарұлы Жетпісқалиев 1960 жылы Атырау облысы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын аудандық «Индер» газетінде бастаған. Кейін Көкше өңіріне қоныс аударып, баспасөз және тележурналистика салаларында қызмет атқарды. Әр жылдары «Бұқпа», «Көкшетау», «Арқа Ажары» басылымдарында еңбек етіп, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы қызметтерін атқарды.

СНХ: МАРАТ САЙДАЛИН, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Серік Сапарұлы Жетпісқалиевті біз біраз жылдан бері білеміз. Ол кісі талантты кісі. Көкшетаудағы қарымды қаламгерлердің бірі. Биыл сәті түсіп, табиғатына қарап азаматты таны дейді. Серік інімнің туған жерін көріп келдім. Тылсым табиғаты жұмбақ жер екен. Бірнеше кітаптардың авторы. Қай салада болмасын, қай тақырыпта болмасын қалам тарта біледі. Өзі және спортқа да бейім. Бүгінгі күні мына кітапхана жүйесінің директоры болып жатыр, қуаныштымыз. 

РКС: Серік Жетпісқалиевтің қаламынан туған «Бейуақ естілген ән», «Таразы тағдыр», «Көзімдей көр», «Алашқа хат» атты жыр жинақтары мен «Көкшетау кестелері», «Жетпісқалиевтың жетпіс жеті әңгімесі», «Жабал шешен» секілді прозалық еңбектері оқырманға кеңінен таныс. Сонымен қатар қаламгер балалар әдебиеті, публицистика және әдеби зерттеу салаларында да жемісті еңбек етіп келеді. Оның өлеңдері «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясы антологиясының жетінші томына енген. Ал ақынның соңғы туындыларының бірі «Тасқайрақ» кітабы.

ИНТЕРШУМ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, АҚЫН: Соңғы шыққан «Тасқайрақ» атты жыр кітабы, өлеңдер жинағын әдейі алып келдім. Сыйға тартуға сіздерге. Мұндағы тасқайрақ дейтін мәселе не? Қазақтың жастары жалынды болсын, жігерлі болсын. Тасқа қайралған қылыштай өткір болсын, алды болсын, жалынды болсын. Соңғы кезде ұстанымның бірі кітап насихаттау. Сосын жастарды білімді, жігерлі, зиялы болуға үндеу.   

РКС: Шара барысында ақынның сыршыл жырлары оқылып, әуезді әндері шырқалды. Әдебиет пен өнер тоғысқан әсерлі сәтте студенттер қаламгерге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Сондай-ақ кездесуден алған әсерлерімен бөлісіп, рухани кештің тағылымы мен ерекше атмосферасын сезінді.

СНХ: ДАЯНА ҚАМАШЕВА, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Кеш өте әсерлі өтті. ол кісі өзінің өмірбаянын, өзінің осы салаға қалай келгенін айтқан болатын. Кеш өте әсерлі, ұнады. 

РКС: Рухани тағылымға толы кездесу студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, кітап оқудың маңызын тағы бір мәрте айшықтады. Қаламгермен жүздесу жастарға шығармашылық әлемді жақын танып, ұлттық әдебиеттің құндылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай басқосулар өскелең ұрпақтың рухани дамуына жол ашып, сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті арттыра түспек.   

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу