Негізгі Жаңалықтар Ақмола облысының диқандары 6 миллион тоннаға жуық астық жинады

Ақмола облысының диқандары 6 миллион тоннаға жуық астық жинады


ДИКТОР: Өңір диқандары 6 миллион тоннаға жуық астық бастырды. Егіс алқаптарының басым бөлігі жиналып болды. Елде жалпы 15 миллион гектардан астам алқаптан 23 миллион тонна астық жиналған. Өңірдегі егін жинау науқанының аяқталу барысы туралы тілші баяндасын. 

РКС: Өңірде егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінде диқандар егіс алқаптарының 94 пайызын жинап үлгерген. Биылғы маусымда орташа өнімділік гектарына 14 центнерді құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер табыстылығы жоғары дақылдарға басымдық беріп, егіс құрылымын әртараптандыруда. Мәселен, 2024 жылдан бері өңірде майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемі 3 еседен астам ұлғайды.

СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жиналған астықтың сапасына келетін болсақ, бидайдың 90 пайызы 3-ші классқа жатады. Оның 70 пайызы сапа бойынша жоғары талаптарға сай, яғни Hi-Pro санатына сәйкес келеді. Майлы дақылдар алқаптарының 77 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,5 центнерді құрап отыр. Биыл егін жинау жұмыстарына 81,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған орташа жеңілдетілген бағасы литріне 312 теңгені құрайды.

РКС: Жиналған өнімді сақтау үшін облыста 67 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 4 жарым миллион тоннаға жуық. Бұдан бөлек, жергілікті диқандар астық сақтауға арналған жеке қоймаларын да әзірлеген. Олардың жалпы сыйымдылығы шамамен 3 миллион тонна.

СНХ: ВЛАДИМИР СТОРОЖЕНКО, ЭЛЕВАТОР ДИРЕКТОРЫ: Біздің 3 қабылдау шұңқыры мен 13 силосымыз бар. Астық сақтайтын орынның жалпы сыйымдылығы 57 мың тонна. Мұнда негізінен бидай мен арпаны қабылдаймыз. Сонымен қатар, кәсіпорын аумағында 2 өндірістік кешен жұмыс істейді. Оның бірі диірмен кешені, екіншісі мал азығына арналған ұн өндіру желісі. Бізге жеткізілетін астықтың барлығы Ақмола облысынан келеді. Өнімді негізінен өңдеу арқылы өткіземіз. 2 зауытта қатар жұмыс істеп, астықты өңдейміз. Нәтижесінде мал азығына арналған ұн мен 1-ші сұрыпты тағамдық ұн өндіреміз.

РКС: Биыл егін жинау науқанына 14 500 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 316 миллиард теңге бағытталды. Мемлекет шаруаларды қолдауды жалғастыруда. Мәселен, 1 қазаннан бастап келесі жылдың көктемгі егіс жұмыстарына қаржы бөлуге өтінім қабылдау басталды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АКПАРАТ


Бөлісу