Орманшылар қысқы азық қорын дайындауда
ДИКТОР: Орман шаруашылықтары жабайы жануарларды қысқы маусымда азықпен қамтуға қызу кіріскен. Қалың қар мен қақаған аязда қорек табу қиындай түсетін орман тұрғындары үшін мамандар жемшөп қорын әзірлеп, арнайы алаңдарды дайындауда. Табиғат тыныштығын күзетіп, жан-жануарлардың амандығына жауапты мамандардың жұмысымен тілшіміз танысып қайтты.
РКС: Ақмола өңірінде қыс қаһарына мінген шақта сынап бағанасы 40 градус аязға дейін төмендейді. Ал қалың қардың бетіне мұз қатуы жабайы аңдардың табиғи жолмен қорек табуын одан әрі қиындатады. Осындай қолайсыз кезеңде орман тұрғындары ашығып қалмауы үшін өңірдегі орман шаруашылықтары мен табиғат қорғау мекемелері алдын ала жемшөп қорын жинап, қысқы азықтандыру жұмыстарына ерекше мән береді.
СНХ: ВЛАДИМИР ГАЛКИН — «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ШАЛҚАР ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС АҢШЫСЫ: Биыл 56 тонна шөп, 28 мың дана сыпыртқы, 15 тонна 300 келі астық қалдығы және 700 келі тұз дайындадық. Жұмыс тәртібі бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, қыс мезгілінде әр 10 күн сайын азықты қоректендіру алаңдарына жеткіземіз. Тракторлармен орманның ішіне апарамыз. Жабайы жануарлар көп жылдан бері мекендеп, жиналып жүрген жерлерге, арнайы қоректендіру алаңдары мен науалар орналастырамыз.
РКС: Қазір мұндай ауқымды жұмыстар өңірдің барлық орман шаруашылықтарында жүргізілуде. Ал, табиғи қорықтарда бұл тәжірибе қолданылмайды. Себебі, ондағы жануарлар адамның араласуынсыз, табиғи ортада тіршілік етеді.
СНХ: ДІНӘЛИ АЙТҚОЖИН, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысының аумағында жалпы ауданы 12 миллион гектардан асатын 161 аңшылық шаруашылық бар. Оның 139-ы жеке және заңды тұлғалардың 83 субъектісіне бекітілген. Сонымен қатар, облыс аумағында орман иеленуші 23 мемлекеттік мекеме бар. Олардың қатарында 3 ұлттық табиғи парк, бір мемлекеттік табиғи қорық, облыс әкімдігіне қарасты 13 орман мекемесі және басқа да ұйымдар бар.
РКС: Қысқы азықтандыру жануарлардың сақталуына және орман экожүйесінің тұрақтылығына ықпал етеді. Қолайлы қорек қорының арқасында жабайы аңдардың азық іздеп қауіпті аймақтарға қоныс аудару ықтималдығы азаяды. Сондай-ақ, олардың егістік алқаптарға түсіп, ауыл шаруашылығына зиян келтіру қаупі де төмендейді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ