Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда қаланы дамыту жоспарлары талқыланды

Көкшетауда қаланы дамыту жоспарлары талқыланды


ДИКТОР: Көкшетаудың бас жоспарын іске асыру, ескі тұрғын үйлерді жаңарту, жаңа тұрғын үй кешендерін салу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Жиын облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалымен өтті. Кеңесте жылу электр орталығының құрылысы, әлеуметтік нысандарды дамыту және қаланың инвестициялық әлеуетін арттыру жоспарлары талқыланды.

РКС: Көкшетауда реновация бағдарламасы аясында ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. Бұл тұрғындарды қауіпсіз әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл өңірде әлеуметтік осал топтарға жататын мыңнан астам отбасын кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары «Сарыарқа» шағынауданында жүргізілуде. Мұнда құрылысы аяқталмаған бес нысанды келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бағдарлама тұрғын үй қорын жаңартумен қатар, қалалық инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қаладағы жағдайды өзгерту мақсатында үлкен жобалар бар. Президентіміз жуырда ғана айтып кетті, қазір Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналу керек деп. Оның ішінде біздің де жобаларымыз, жоспарларымыз бар қалада. Театрдың қаржыдандыру мәселесі, қалада құрылысын салу, 12 мың орындық стадионы бар, және салып жатқан ТЭЦ мәселесі. 28 жылы газ келіп қалуы мүмкін Көкшетау қаласына. Мұның бәрі қалаға әрине оң септігін береді, дамуына. Жылу мәселесі, жарық мәселесі өз шешімін табады. 

РКС: Реновация бағдарламасы ескі тұрғын үйлерді жаңартумен шектелмейді. Жоспар аясында әлеуметтік нысандарды дамытуға және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға да басымдық берілген. Сейфуллин көшесіндегі спорт мектебінің орнына жерасты автотұрағы бар 14 қабатты тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Ал спорт мектебі жаңа ғимараттың екінші қабатында жұмысын жалғастырады. Бұдан бөлек, бұрынғы радиозауыт аумағында 2028 жылға қарай жаңа тұрғын үй кешенін салу көзделген. Жоба аясында екі ғимарат қайта жаңғыртылып, шағын қонақүй мен бизнес-орталық ашылмақ.

СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Көкшетау қаласын 2050 жылға дейін дамытуға арналған бас жоспар аумақты ауқымды түрде кеңейтуді, коммуналдық жүйелер мен желілерді кешенді түрде құру мен жаңартуды, әлеуметтік саланы дамытуды, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік, іскерлік, мәдени және спорттық орталыққа айналдыруды көздейді. 2050 жылға қарай Көкшетау қаласы жарты миллион адамның жайлы өмір сүруіне қолайлы қала ретінде кеңейіп, дамиды. Қала құрылысы мен экономикалық тұрғыдан алғанда, аумақты аймақтарға бөлу құрылымы ықшам қала моделіне көшуін көрсетеді.


РКС: Қаланы абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2027 жылға қарай аумағы 25 гектар болатын экопарк пен ұзындығы 1,7 шақырымдық «Жаңа жағалау-3» жобасын іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үй қорын жаңарту аясында 210 гектар аумақты реновациялау көзделген. Жоспар бойынша 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй және 500 мың шаршы метр коммерциялық нысан салынбақ. Қаладағы 1 071 көппәтерлі тұрғын үйдің 320-сы жаңғыртуды қажет етеді. Бұл жұмыстар тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартып, қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған.

СНХ: СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, «KOKSHE» ӘКК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Қайта қоныстандыру жұмыстарын іске асырудың басым бағыты «Автогородок» ауданы айқындалды. Бүгінде 37 ескі тұрғын үй сүрілді. Жалпы, Көкшетау қаласы бойынша 51 ескі тұрғын үй сүріліп, 187 тұрғын басқа жерге көшірілді. Сонымен қатар, тағы 130 тұрғын қоныс аударуды күтіп отыр. Жылу қуатының тапшылығы әлі де елеулі шектеу болып отыр. Қала әкімдігі бұрын құрылысы басталған Сарыарқа шағынауданындағы А, В, Г, Д және 4 позицияларындағы аяқталмаған бес нысанды Корпорацияға берді. Бұл нысандардың құрылысын аяқтау қоныс аударуға арналған қосымша тұрғын үй қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бастапқыда нысандардың құрылысын «Integra» серіктестігі жүзеге асырған. Қазіргі уақытта тағы екі инвестор тартылды.

РКС: Аяқталмаған тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау апатты баспаналарда тұратын тұрғындарды көшіруге мүмкіндік бермек. Сарыарқа шағынауданындағы бес нысан бойынша барлығы 81 пәтер қарастырылған. Бұдан бөлек, Вернадский көшесі, 11-мекенжайдағы апатты үйдің орнына 75 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланған. Апатты тұрғын үйлер мәселесін шешумен қатар, Көкшетауда жылу энергетикасы инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Қалада салынып жатқан жылу электр орталығы өңірдің жылу энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

СНХ: МИРАС ҚИЯҚОВ, КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Жер учаскесінің ауданы – 227 гектар, ал күл үйіндісінің аумағы – 130 гектар. Құрылыс жұмыстары 2025–2029 жылдар аралығында жүргізіледі. Құрылыс кезеңінде шамамен 2 500 жұмыс орны ашылады. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 400 тұрақты жұмыс орны құрылады. Негізгі жабдықтарды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалып, оларды дайындауға аванстық төлемдер төленді. Станцияда «таза көмір» технологиясы қолданылады. Жобада көзделген шығарындылар көрсеткіші белгіленген экологиялық нормативтер шегінде болады.

РКС: Жылу электр орталығын 2029 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2028 жылы «Сарыарқа» шағынауданына 300 гигакалория жылу энергиясын жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, Көкшетауды дамыту жоспары тұрғын үй құрылысын, ескі ғимараттарды жаңартуды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды және инженерлік желілерді жаңғыртуды қамтиды. Жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асса, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу