Негізгі Жаңалықтар «Кітап оқитын әулет» байқауында бақ сынауда

«Кітап оқитын әулет» байқауында бақ сынауда


ДК: Красный Яр ауылының тұрғындары, көп балалы Бейсенбай отбасы «Кітап оқитын ұлт» байқауы шеңберінде «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша бақ сынауда. Үлгілі отбасының бала тәрбиесі, кітапқа құмарлығы туралы толығырақ келесі материалда.        

Интершум: 

РКС: Кітапқа деген сүйіспеншілік бұл отбасы үшін жәй ғана әдет емес. Бұл әкеден балаға, баладан немереге жалғасқан рухани мұра. «Кітап оқитын ұлт» идесын қолдап, әдебиетке құмарлықты ортақ құндылыққа айналдырған Адай Бейсенбайдың отбасында 9 адам бар.   

СНХ: АДАЙ БЕЙСЕНБАЙ, «КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Ата-анамыз өте кітапқұмар адамдар болды. Әсіресе әкеміз. Сол кездегі Қазақстан Республикасында шығатын барлық газет журнал, Зерде деген журнал болды, қазақ әдебиеті, социалистік Қазақстан, Мәдениет журналы. Солардың барлығын ол кісі алдыратын. Оқып болғаннан кейін бізді оқытатын. Сол жақта мектепте кітап оқудан жарыстар болатын. Сонда жеңімпаз атандым. 

РКС: Әкеден қалған өнеге жылдар өте келе өз шаңырағында жалғасын тапты. Адай Бейсенбай «Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша отбасымен 10 шақты жыл ауылда тұрды. Олар балалардың бос уақытын тиімді өткізудің жолын кітаптан тапты.  

СНХ: АДАЙ БЕЙСЕНБАЙ, «КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Бұл дәстүрдің отбасымызда жалғасуына жұбайымның да қосқан үлесі зор. Жұбайым қазақ әдебиетін жақсы білетін, әдебиетке жақын, өзі де кітап оқуды жақсы көретін жан. Сондықтан екеуіміз де балаларымыздың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысамыз.

СНХ: САЛТАНАТ САҒАТАЕВА, «КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Жалпы бұл жоба туралы мен алғаш рет әлеуметтік желілерден оқыған болатынмын. Бірақ оны Ақмола облысы бойынша ғана жүргізіп жатыр деп ойладым. Кейін ел бойынша сондай ауқымды жоба екенін білдім. Соған қатты қуандым. Біз де бұл жобаға қатысайық, біз де үлесімізді қосайық. Мүмкін жүлделі орын алмасақ та, бір жағынан ешқашан да бұл жобаға қатысқан адам, менің ойымша, ұтылмайды. Өйткені кітаптан алар байлық өте мол.

РКС: Мәриям Бейсенбай 4 сыныпта оқиды, оқу озаты. Кішкентай сіңлісін ертіп кітапханаға жиі келеді. Бастауыш сынып оқушысы он шақты кітап оқып тауысқан.    

СНХ: МӘРИЯМ БЕЙСЕНБАЙ, ОҚУШЫ: Мен 7 жасымнан бастап осы кітапханаға барамын. Менің сүйікті кітаптарым ол жануарлар туралы. Бүгін осындай жануарлар туралы кітап алдым.

РКС: Отбасындағы үлкен қыздар «Кітап оқитын университет», кейінгі балалар «Кітап оқитын мектеп» бағытында бақтарын сынауда. Бұл қарапайым отбасының күнделікті тіршілігі. Бүгін баланың қолына ұстатқан кітап — ертеңгі ұрпақтың рухани байлығы мен жарқын болашағына салынған дара жол. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу