Ақкөл ауданында ет кластері құрылады
ДИКТОР: Ақмола облысында мал шаруашылығын дамыту және ет өндірісін ұлғайту бағытындағы жобаларға басымдық беріледі. Бұл мәселе облыс әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің қатысуымен Ақкөл ауданында өткен кеңесте талқыланды. Жиында мал басын көбейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Өңірде «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында 26 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы нақты қандай жобаларға бағытталады? Тілші жалғастырсын.
РКС: Аймақта мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол. Өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 10,5 миллион гектардан асады. Оның 4,5 миллион гектардан астамы – жайылым. Осы әлеуетті тиімді пайдаланып, ет өндірісін ұлғайту үшін шаруаларға мемлекеттік қолдаудың маңызы зор,-дейді аймақ басшысы.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңірде мал азығының қоры жеткілікті. Сондықтан өсімдік шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын да дамытуымыз керек. Үкімет ұсынған «Береке» және «Игілік» бағдарламалары осы бағытта үлкен мүмкіндік береді. Бұл – несиені 10 жыл ішінде қайтаруға болатын ұзақ мерзімді бағдарламалар. Жылдық 6 пайызбен асыл тұқымды мал сатып алуға болады. Сонымен қатар, шығындардың бір бөлігі субсидия арқылы өтеледі. Сондықтан осы бағдарламаларды тиімді әрі мақсатты пайдалануымыз қажет.
РКС: Ақкөл ауданында ірі қара, қой, жылқы және құс шаруашылығы қатар дамып келеді. Қазір мұнда 18 мыңға жуық ірі қара, 25 мыңнан астам ұсақ мал және 13,5 мыңнан астам жылқы бар. Дегенмен, малдың кейбір түрлері бойынша өсім бәсеңдеген. Осыған байланысты шаруашылықтар асыл тұқымды мал сатып алып, өндіріс көлемін арттыруға ниетті. Жеңілдетілген несие бұл жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында ауданда асыл тұқымды мал басын көбейту және ет кластерін қалыптастыру бағытында жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда бағдарламаға бірнеше шаруашылық қатысуда. Атап айтқанда, «Азат Агро» серіктестігі 2 мың бас аналық ірі қара, «Ақкөл Агро» 330 бас сүт бағытындағы ірі қара мен 2 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр. Ал «Алтын Фарм» корпорациясы 2,5 мың бас ангус тұқымды аналық ірі қара алмақ. Бүгінде «Ақкөл Агро» серіктестігіне 1 миллиард 700 миллион теңге, ал «Азат Агроға» 830 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жақын арада қаражаттың екінші траншы күтілуде.
РКС: Ауданда өндіріс көлемін арттыруға бағытталған тағы бір ірі жоба – «Ақкөл Құс» фабрикасын кеңейту. Кәсіпорын жыл сайынғы жұмыртқа өндірісін 90 миллионнан 200 миллион данаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін төрт жаңа өндірістік корпус салынып, балапан өсіретін қосымша корпус пен жұмыртқа қоймасы бой көтереді. Сондай-ақ сағатына 30 мың дана жұмыртқаны сұрыптайтын жабдық орнатылып, құсқа қажетті жемді өздері өндіретін цех іске қосылады. Құрылыс қараша айында басталды. 2028 жылдың ортасына дейін толық аяқталмақ.
СНХ: ЕРХАТ ТӘЖЕНОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ: Қолданыстағы өндірістің әлеуетін пайдалана отырып, қуаттылығымызды арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша төрт заманауи корпус саламыз. Қазір алты корпус 300 мың құсты ұстауға мүмкіндік береді. Жаңа төрт корпус тағы 324 мың құсқа есептелген. Сонымен қатар, балапан өсіретін жеке корпус, жұмыртқа сақтайтын қойма және сағатына 30 мың дана жұмыртқаны сұрыптайтын жабдық орнатылады. Бұған қоса, құсты толықтай өз жемімізбен қамтамасыз ету үшін жем цехын іске қосу көзделіп отыр.
РКС: Құс шаруашылығын кеңейту өңірдің азық-түлік өндірісін арттыруға да мүмкіндік береді. Қазір Ақмола облысы еліміздегі тауық жұмыртқасына деген сұраныстың шамамен 15 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2028 жылдың соңына дейін өңірде жылына 1 миллиард дана тағамдық жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Бұл межеге қолданыстағы құс фабрикаларын жаңғыртып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізу көзделген.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ