Үздік жастар марапатталды
ДИКТОР: Көкшетауда Республика күні қарсаңында «Елге бастар жас қадам» ауқымды жастар іс-шарасы өтті. Оның аясында үздік жобалардың авторлары марапатталды. Беделді «Jas Aqmola» сыйлығының жеңімпаздары мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері өз идеяларын іске асыруға ақшалай сертификаттар алды.
РКС: Салтанатты шара «Jas Aqmola» облыстық жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттаудан басталды. Облыс әкімінің марапатына барлығы алты лауреат ие болды. Оларға 500 мың теңгенің дипломдары табыс етілді. Үздік дәрігерлер, педагогтар, шығармашылық бағыттардың көшбасшылары және жұмысшы мамандықтардың өкілдері қолдау тапты.
СНХ: МИЛАНА ПОДРЕЗОВА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ: Мен Ақмола облысы бойынша бала құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл болып табыламын. Соның ішінде мен өз жұмысымызда балалардың құқықтарын қорғауға арналған түрлі іс-шаралар өткіземін, жастар мен қоғаммен байланысты жобаларға да қатысамын. Бүгін мен 500 000 теңге алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе.
РКС: Осы шарада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын да табыстады. Бес жас ақмолалық бір миллион теңгенің сертификатына ие болды. Мектеп оқушысы Санжар Ережепов есту қабілеті бұзылған адамдарға көмектесетін жобаның авторы.
СНХ: САНЖАР ЕРЕЖЕПОВ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ: Жалпы тәуелсіздік ұрпақтары грантының жеңімпазы болу бұл мен үшін өте үлкен мәртебе. Себебі Ақмола облысы әкімдігі, Ақмола облысы басшылығының қолдауымен өткізілген гранттық байқау болғандықтан, бұл тікелей Ақмола облысы бізді қолдап тұр деген сөз. Және мен бұл грантпен емес, мен Ақмола облысы мені қолдағанымен мақтанамын. Сонымен қатар осы жобаның ең басты мәртебесі ретінде мен оның қиындығын емес, оның мәртебесі емес, оның адамдарға қаншалықты пайда әкеле алатындығында.
РКС: Жобаларды іріктеу бірнеше кезеңде өтті. Өтінімдерді ғалымдар, жоғары оқу орнының оқытушылары мен кәсіпкерлерден тұратын сараптау комиссиясы бағалады. Байқауға қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша бақ сынады. Ол ғылым, медиа, IT, цифрландыру және бизнес.
СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жас Ақмола»-ға Ақмола облысы әкімінің сыйақысына 90 аса жастарымыз қатысты. Біздің жастарымыз күшті, жақсы бір оның ішінде экожоба бар, жаңағы ғылым, ғылыми жоба бойынша, жаңағы медиа бойынша бар жобалар, IT жобалары бар, соның барлығын біздің жастарымыз қатысып, міне, бүгін табыстаймыз. Осындай біздің облысымызда жалпы жастарымыз көп, талантты жастар көп, ақылды жастар көп, білімді жастар көп.
РКС: Мемлекет жастарға гранттар мен сыйлықтар түрінде бастапқы серпін береді, кейін әрқайсысы өз әлеуетін іс жүзінде дәлелдейді. Алда – жастардың ең жарқын инновациялық идеяларын біріктіретін «Aqmola Power» жаңа жобасын іске қосу шарасы бар. Осының бәрі ақмолалық жастардың тек пайдалы бастамалар жасап қана қоймай, аймақтағы өмірді жақсы бағытқа өзгертуге үлес қосатынын дәлелдейді.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ