Негізгі Жаңалықтар Каратэден «Zhastar cup» облыстық ашық турнирі өтті

Каратэден «Zhastar cup» облыстық ашық турнирі өтті


ДИКТОР: Өткен демалыс күндері шаһарда каратэден алғаш рет «ZHASTAR CUP» облыстық ашық турнирі өтті. Байрақты бәсекеге еліміздің бірнеше өңірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Турнирге Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының өкілдері қатысты. 6 мен 17 жас аралығындағы спортшылар кумите және ката бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың бірі қарсыласымен жекпе-жекте күш сынасса, енді бірі техникалық әдістердің дәлдігі мен орындалу шеберлігін көрсетті.

СНХ: ИЛЬЯ ДИК, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Бұл – Көкшетау қаласында, “Көкше аренада” алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнир. Бұл жарыс жыл сайын өтетін дәстүрлі додаға айналады деп сенемін. Қатысушылардың саны артып, балаларымыз спортпен көбірек айналысып, Отанымыздың атын тек республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық деңгейде де таныта берсін. Турнирдің деңгейі жоғары. Бәсеке тартысты, спортшылардың дайындығы да өте жақсы.

РКС: Ұйымдастырушылар үшін басты міндет – бұқаралық спортты дамыту және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау. Сонымен қатар мұндай бәсекелер қатысушылардың шеберлігін шыңдап, алдағы Қазақстан чемпионатында Ақмола облысының намысын абыроймен қорғауына жол ашады.

СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл жарыс жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өтуде. Ең басты мақсат – жастардың арасында салауатты өмірін насихаттау, спортшылардың жақсы нәтиже көрсету, болашақта Қазақстан чемпионатында Ақмола облысының жақсы абыроймен атқарады деп ойлаймын.

РКС: Турнирде Көкшетау қаласының намысын қорғаған Даниил Кондратов та үздіктер қатарынан көрінді. Каратэмен он жылдан бері айналысатын спортшы бұған дейін бірнеше жарыста жоғары нәтиже көрсеткен. Сингапурде өткен Азия чемпионатында кумите бағыты бойынша күміс жүлдеге ие болған. Бұл жолы ката сайысында бірінші орын, кумитеде үшінші орын иеленді. Ендігі мақсаты – премьер-лигаға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізу.

СНХ: ДАНИИЛ КОНДРАТОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (КӨКШЕТАУ): Жарыстарға өте жауапкершілікпен дайындаламын. Күн сайын жаттығамын. Дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтау және күн тәртібін сақтау маңызды. Бүгін ката бойынша үш кезеңнен өтіп, бірінші орын алдым. Ал кумитеде төрт кездесу өткіздім. Жартылай финалда жеңіліп, нәтижесінде үшінші орынға ие болдым.


РКС: Жарыста бақ сынаған тағы бір ақмолалық спортшы – Владимир Колозин. Ол да каратэмен он жылдан бері шұғылданып келеді. Осы уақыт аралығында бірқатар халықаралық турнирге қатысып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. Тәжірибелі спортшы алдағы уақытта бапкер болып, жинаған білімін жас буынға үйретуді армандайды.

СНХ: ВЛАДИМИР КОЛОЗИН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Ақмола облысының каратэ федерациясына қолдау көрсетіп, көмек бергені үшін алғыс айтқым келеді. Қарсыластарым – өз облыстарының үздіктері. Олар жоғары деңгейде бәсекелестік танытып, маған үлкен тәжірибе сыйлады. Жекпе-жек оңай болған жоқ. Қарсыласым өте мықты болды, дегенмен өз жеңісіме қол жеткізе алдым.


РКС: Турнир қорытындысы бойынша кумите бағытында Гергард Дик чемпион атанса, ката сайысында Даниил Кондратов бірінші орын иеленді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, «ZHASTAR CUP» турнирін алдағы уақытта да тұрақты өткізу жоспарланып отыр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу