Негізгі Жаңалықтар Экономикалық сипаттағы құқық бұзушылыққа қатысты 23 қылмыстық іс тіркелді

Экономикалық сипаттағы құқық бұзушылыққа қатысты 23 қылмыстық іс тіркелді


ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өндіру, субсидиялар мен бюджет қаржысын жымқыру сияқты экономикалық сипаттағы қылмыстарға қатысты 23 іс тіркелді. Мамандар орын алған қылмыстармен айналысып қана қоймай, заңсыз жолмен табылған табыстарды анықтап, қаржылық схемалардың жолын кесу бағытында да жұмыс істейді. Тілші баяндайды. 

РКС: Қазіргі уақытта өңірлік Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері алаяқтық схемаларын анықтау және олардың жолын кесу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Негізгі тергеу шараларымен қатар, мамандар қаржылық талдау жасап, банктік операцияларды, қаражат қозғалысын және іске қатысушы тараптар арасындағы байланыстарды да зерделеп жатыр.

СНХ: ӘЛИЯ ЕСМҰХАНОВА, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ТЕРГЕУШІСІ: Экономикалық тергеу қызметі параллельді қаржылық тергеулер жүргізуге ерекше мән береді. Негізгі құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтаумен қатар, қызмет қаржылық операцияларды, қаражат қозғалысын, банк шоттарын және қатысушы тараптар арасындағы өзара байланыстарды талдайды. Мұндай тәсіл заңсыз жолмен алынған кірістерді анықтауға, қылмыстық әрекет нәтижесіндже иемденілген активтер мен қаражатты табуға, схемаға қатысушылар арасындағы байланыстарды айқындауға, сондай-ақ заңнамаға сәйкес келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етуге және мүлікті тәркілеуге бағытталған шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. 

РКС: Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігінің атауын да пайдалануда. Агенттік жалған ресми хаттардың таратылу деректері барлығын растайды. Хаттарда қаскөйлер тексеру жүргізілетінін алға тартып, азаматтардың жеке деректерін сұратуы мүмкін. 

СНХ: ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді. Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді. Құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайды. Күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз. 

РКС: Қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық құқық бұзушылыққа, «ақша тасымалдаушы» қызметіне өзіңіз немесе таныстарыңыз тап болған жағдайда мәселені тексеру үшін агенттікке және оның аумақтық бөлімшелеріне хабарласу қажет екенін еске салады. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу