Негізгі Жаңалықтар Мектеп асханаларының жұмысы тексерілді

Мектеп асханаларының жұмысы тексерілді


ДИКТОР: Мектеп оқушыларын сапалы әрі қауіпсіз ыстық тамақпен қамтуға басымдық берілуде. Былтыр 1 қыркүйекте білім беру ұйымдарына төрт апталық маусымдық мәзір енгізілді. Ол балалардың жас және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленген. Аллергиясы мен қажеттіліктері бар оқушылардың тағамға деген сұранысы да назардан тыс қалған жоқ. Жаңа мәзірдің тиімділігі де жауапты мамандардың бақылауында.

РКС: Былтыр жаңа мәзірдің тиімділігін анықтау мақсатында үш мектепте тұрақты мониторинг жүргізілді. Бақылау барысында оқушылардың кейбір тағам түрлерін аз тұтынатыны анықталып, мәзірге өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде тағам қалдықтары айтарлықтай азайып, тамақтың желінбеу индексі 30 проценттен 3 пайызға дейін төмендеді.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Желінбей қалған тағамдардың қатарында негізінен картоп пен сәбізден жасалған салаттар, сондай-ақ бұршақ тұқымдас өнімдерден – асбұршақ, үрме бұршақ және өзге де бұршақ дақылдарынан дайындалған тағамдар болды. Жүргізілген мониторинг пен сауалнама нәтижесінде мәзірге елеулі өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қырыққабат пен алмадан жасалған салаттар қосылып, бұршақ тұқымдас тағамдар балық сорпаларына, қуырдақ сияқты ет тағамдарына ауыстырылды. Құс етінен дайындалатын тағамдар да мәзірге қосылды.

РКС: Мәзірдің өзгертілуі тағам қалдықтарының азаюына ғана емес, балалардың тамақтану сапасын арттыруға да мүмкіндік берді. Бүгінде бастауыш сынып оқушыларының 370-ке жуығы ыстық тамақпен қамтылса, әлеуметтік осал топқа жататын тағы 11 оқушыға тегін тамақ беріледі. Мектеп асханасында тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне де ерекше мән беріліп, шикізатты қабылдаудан бастап, дайын асты ұсынғанға дейінгі барлық процесс бақылауда. Өндірістік цехтар да бір-бірінен бөлек орналасқан.

СНХ: АРТЕМ МАЩИНСКИЙ, МЕКТЕП АСХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Өнімдерді сақтау да барлық талаптарға сай жүзеге асырылады. Өндірістік цехтардың барлығы бөлек орналасқан: ет цехы жеке, балық цехы жеке, көкөніс цехтары да бөлек. Цехтар бір-бірімен араласпайды. Қызметкерлердің санитарлық талаптарға сәйкес екі жиынтық арнайы киімі бар. Мәзірдің сақталуына қатысты да айта кеткім келеді. Біздің басты міндетіміз тек мәзір талаптарын, тағамның грамм мөлшерін және басқа да нормаларды сақтау ғана емес, тағамды балалар сүйсініп жейтіндей дәмді етіп дайындау. Бүгінде бұл мақсатқа қол жеткіздік деп есептейміз. 

РКС: Асханада тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Олардың бірқатары осы жерде мектеп ашылған күннен бері жұмыс істейді.

СНХ: АЛЛА ЧУХЛАТОВА, АСХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: Таңғы сағат 6-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеп, мектеп оқушыларын тамақтандырамыз. Жұмыс өте көп. Балалар да асханаға қуана келеді, өйткені мектепте бір ауысым оқиды. Балалар үйірмелерге қатысады, кейде кешкі сағат 5-6-ға дейін мектепте болады. Сондықтан олар мектепте бірнеше рет тамақтанады: алдымен тамақтанып алады, кейін түскі асқа келеді, одан соң бесіндік ішеді. Кейде үйірмеге бару үшін өздерімен бірге тағамдарын да алады. Мұнда тамақтанатын балалардың ата-аналары да олардың асханада қанша уақыт өткізетінін және тамақтануға қанша қаражат жұмсалатынын жақсы біледі. 

РКС: Бүгінде мектептерде тамақтандыру жұмысы толық жолға қойылған. Маусым-шілде айларында жүргізілген мониторинг кезінде анықталған барлық кемшілік жойылып, ас блоктары қажетті талаптарға сәйкестендірілді. Қазір барлық мектептің тамақтану блоктарында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бар. Оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы тамақтануы жаңа оқу жылында да тұрақты бақылауда болады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу