Негізгі Жаңалықтар Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп асханалары тексерілуде

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп асханалары тексерілуде


ДИКТОР: Былтыр Ақмола облысының мектептеріндегі асханаларға салынған айыппұлдар саны 79-дан 22-ге дейін азайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңір мектептерімен жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарады. Мемлекеттік бақылаудың қандай жаңа тәсілдері іс жүзінде қолданылып жатыр, санитариялық дәрігерлердің білім беру ұйымдарымен өзара байланыс жүйесі қалай өзгерді? Материалға назар аударайық.  

РКС: Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің назарында өңірдегі 519 мектеп пен 475 асхана бар. Бүгінде бұл нысандарды тексеру тәртібі де өзгерді. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап тексерулер жаңа талаптарға сәйкес, алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бұл санитариялық дәрігерлерге білім беру ұйымдарына кез келген уақытта барып, асханалардың нақты жұмыс жағдайын, санитариялық талаптардың сақталуын және оқушыларға көрсетілетін қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік береді.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Заңнамаға сәйкес, бақылаудың жаңа түрлері енгізілуде. Оның ішінде ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерулер мен нысандардың дайындығына мониторинг жасау бар. Бұл тәсіл мектептердің жаңа оқу жылына әзірлігін алдын ала бағалап, кемшіліктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бақылаудың бұл түрінің басты ерекшелігі – күтпеген жерден тексеру қағидатының енгізілуі.

РКС: Жаз айларында мамандар 500-ден астам мектепті аралап, бірқатар кемшілікті анықтады. Тексеріс барысында кейбір білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталмағаны және техникалық ақаулар бары белгілі болды. Анықталған олқылықтарды жою үшін 300 нұсқама берілді. Сонымен қатар, мектептердегі ас мәзірі жаңартылды. Оның талапқа сай әзірленіп, оқушыларға дұрыс ұйымдастырылуын бағалау мақсатында Көкшетау қаласында үш мектеп пилоттық нысан ретінде таңдалды. Олар – IT мектеп-лицейі, №3 және №19 мектептер. Аталған білім ошақтарында мектеп әкімшілігі, тамақ өнімдерін жеткізушілер мен ата-аналардан құралған арнайы жұмыс топтары жасақталды. 

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мәзірге қатысты тағы бір жаңа ұғым – «желіну индексі» енгізілді. Бұл – балаларға ұсынылған тағамның жалпы көлеміне шаққандағы желінбей қалған тағам қалдығының көрсеткіші. Алғашқы кезеңде желінбей қалған тағам көлемі 50 процентке дейін жеткен. Ата-аналар мен оқушылардың ұсыныстары ескеріліп, мәзірге өзгерістер енгізілді. Мәзір құрамында ақуызға бай тағамдар мен ет өнімдерінің үлесі артты.Соңғы жүргізілген талдаулар, желінбей қалған тағам үлесі 5 процентке төмендегенін көрсетеді.

РКС: Жаңа оқу жылына дайындық қорытындысы осы аптада шығарылады. 21 тамызда өтетін ауқымды жиында мектеп басшылығы, салалық басқарма өкілдері мен санитариялық дәрігерлер атқарылған жұмыстардың қорытындысын саралап, тексеру нәтижелерін талқылайды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар