Бурабайдағы «Көкшетау» мен «Бөлектауға» шығуға уақытша шектеу қойылды
ДИКТОР: Туристер үшін курортты Бурабайдағы «Көкшетау» және «Бөлектау» тауларына шығуға уақытша тыйым салынды. Күннің аптап ыстығына байланысты аймақтың мемлекеттік орман қоры аумағында IV-V санатты жоғары өрт қаупі белгіленіп отыр. Осыған байланысты тамыздың 20-сына дейін Көкшетау мен Бөлектау тауларына шығуға уақытша шектеу қойылды. Бұл туристердің қауіпсіздігі үшін қолға алынған шара. Себебі, өрт қаупі жоғары кезеңде тілсіз жаудың таралуы өте жылдам болады. Сондықтан Бурабай орманшылығының мемлекеттік инспекторлары бақылауды күшейтіп отыр. Жалпы, жаз маусымы басталғалы Бурабай ұлттық табиғи паркі аумағында 4-5 табиғи өрт ошағы анықталып, бейнемониторинг жүйелерінің көмегімен лезде өшірілген болатын. Айта кетейік, өткен жылы Бурабайда 7 көру алаңы жасақталып, туристердің тауға шығуы ыңғайлы болуы үшін ағаш баспалдақтар салынды. Қазір осы 7 негізгі туристік локацияға арнайы бейнебақылау камералары орнатылған.