Үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында сайлау учаскелері ашылды
ДИКТОР: Ақмола облысында үздіксіз өндіріс орындарында алғаш рет 3 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Бұл жұмыс барысын үзбей, өз азаматтық таңдауын жасауға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Енді 900-ден аса қызметкер жұмыс орнынан жырақтамай-ақ дауыс бере алады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова өңірге арнайы келіп, сайлау учаскелерінің әзірлігін пысықтады. Толығырақ келесі материалда.
РКС: Әсел Жанәбілова инспекциялық сапар барысында Көкшетау қаласы мен бірқатар аудандағы үздіксіз өндіріс кәсіпорындарда орналасқан сайлау учаскелерінің дайындығын көрді. Конституциялық заңға енгізілген жаңашылдықтың арқасында жұмысшылар үшін дауыс беру мүмкіндігі барынша қолжетімді болды. Бүгін осы мәселеге ерекше назар аударылды.
СНХ: ӘСЕЛ ЖАНӘБІЛОВА, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Мен дәл осы №305 сайлау учаскесіне барудың ерекшелігін атап өткім келеді. Жақында Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Заң шығарушы осындай кәсіпорындарда қосымша сайлау учаскелерін ашуға болатын нысандардың тізімін толықтырды. Мысалы, емдеу мекемелерінде, әскери бөлімдерде, егер теңізшілер сол уақытта теңіз кемелерінде болса. Сондай-ақ үздіксіз өндірістік циклі бар кәсіпорындар да осы тізімге енгізілді
РКС: Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірінде 276 жұмысшы сайлаушылар тізіміне енгізілген. 23 тамызда олар өндіріс ырғағын бұзбай, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алады. Яғни жұмыс пен азаматтық міндетті қатар алып жүруге жол ашылды.
СНХ: ЕРЖІГІТ АРАПБАЙ, «НОВОПЭК» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ УЧАСКЕ БАСШЫСЫ: Бүгінгі таңда біздің компанияда сайлау учаскесі ашылды. Бұл мен үшін де, әріптестерім үшін де үлкен қолайлылық. Бұрын сайлауға бару үшін жұмыстан екі сағатқа сұранып, арнайы көлік ұйымдастыратынбыз. Қазір тіпті жұмыс күнінің өзінде өзіміздің сайлау учаскемізге түсіп, өз таңдауымызды жасай аламыз.
РКС:Жұмыс сапары барысында сайлаудың қолжетімділігіне ерекше мән берілді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдайлардың жасалуы назардан тыс қалмады. Орталық сайлау комиссиясының өкілі өңірдегі дайындық жұмыстарына оң бағасын берді. Айта кетейік, Ақмола облысында сайлауды ұйымдастыруға 759 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олардың құрамында 4,5 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмыс істейді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.