Ашық аспан астындағы робототехника сабағы өтті
ДИКТОР: Өңірде Халықаралық жастар күніне орай жастардың танымдық көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған бірқатар мазмұнды шара ұйымдастырылуда. Солардың бірі Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Robolatory робототехника мектебі өткізген ашық аспан астындағы ерекше шеберлік сабағы. Таза ауадағы тағылымды сабаққа 30-дан астам жас пен жасөспірім қатысып, робот құрастырудың қыр-сырын меңгерді.
РКС: Қатысушылар өз қолдарымен түрлі робот үлгілерін жасап, техникалық ойлау қабілеттерін сынап көрді. Жаңашылдық пен ізденіске толы шара жастарға тың білім беріп қана қоймай, олардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырды. Ашық аспан астындағы сабақ жас өнертапқыштарға өз идеяларын жүзеге асырып, жаңа дүниені тәжірибе арқылы тануға мүмкіндік берді.
СНХ: ДИАНА ҚАДІРБЕКОВА, ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ: Ұстаздар бізге өте жақсы түсіндіріп жатыр. Белгілі приложенияны жүктеп, сол приложенияда машиналардың түр-түрі бар. Одан да басқа пунктер бар. Солардың ішінен машинаны таңдап жасап жатырмыз. Менің ойымша құрастыру жас ерекшеліктеріне қарамай барлық жастарға қызық сияқты. Себебі менің өзіме бұл өте қызық бір іс болып жатыр.
РКС: Robolatory робототехника мектебі өз жұмысын жуырда ғана бастағанына қарамастан, бүгінде жас өнертапқыштардың бас қосатын ортасына айналып келеді. Қазіргі таңда мұнда мемлекеттік негізде 80 бала, ақылы бөлімде 20 бала робот құрастырудың қыр-сырын меңгеріп, заманауи технологияның мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде игеруде.
СНХ: ТОЛҚЫН СӘРСЕНБАЕВА, ROBOLATORY РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІНІҢ АДМИНИСТРАТОРЫ: Біздің мектеп осыдан 3 жыл бұрын ашылды. Бүгінде 50-ден астам оқушы бар. 5 жастан 12 жасқа дейін. Сабақтар балалардың ыңғайына реттеліп жасалады. 1 сабақ 2 сағаттан өтеді. Робототехникаға деген балалардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
РКС: Аспан астында өткен бұл сабақ жастарға білім мен жаңа дағдыларды меңгертумен қатар, уақытты тиімді әрі пайдалы өткізудің жарқын үлгісін көрсетті. Өңір жастарының белсенділігі олардың жаңашылдыққа ұмтылысын айқын аңғартты.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ