Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы
ДИКТОР: Абай күніне орай өткізіліп жатқан шаралар легі жалғасын табуда. Белсенді ұзақ өмір орталығында «Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы» атты сұхбат-кездесу өтті. Мәдени шара барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, музыкалық мұрасы кеңінен сөз болып, сырлы да сазды туындылары әуелете орындалды.
РКС: Алып тұлғаның музыкалық мұрасы – қазақ руханиятының алтын арқауы. Ұлы ақынның шығармаларында терең ой мен көркем сөз әуезді сазбен астасып жатыр. «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» секілді туындылары халық жадында сақтаулы. Абай әндері – ақынның ішкі әлемін, сезімі мен философиялық ой-толғамдарын жеткізетін асыл мұра. Кездесу барысында осы шығармалардың тарихы мен мән-маңызы сөз болып, музыкалық туындылар орындады.
СНХ: МАРА ЕСМҰХАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ: Өмір бойы ол кісінің дана сөздерімен ұрпағымыз өсіп, жетіліп келе жатыр. Әлі де солай болары сөзсіз. Сондықтан да осындай кештер әрдайым бола берсін, үзілмесін. Ұрпақ Абай атамызды дәріптеп өтсін дегім келеді. Абайдың ән өнерінде әндер көп қой. «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жарқ етпес көңілім», «Айттым сәлем, Қаламқас». Көптеген әндер бар. Біз мына дәстүрлі әншілер негізі көп айтылатын әндердің бірі сол «Өзгеге көңілім тоярсың», ал біраз әндерді опера әншілері орындайды. Опералық шығармалардың бәрін халықтың бәрі тыңдар жүр.
РКС: Шараға жиналғандардың дені – Белсенді ұзақ өмір орталығының тұрақты келушілері. Қазыналы қариялар үшін мұндай басқосулардың орны бөлек. Олар Абай мұрасын жастайынан оқып, өлеңдері мен қара сөздерін жаттап өскен. Қазір де ұлы ақынның шығармаларын қолдарынан тастамайды. Солардың бірі – 45 жыл ұстаздық еткен Айгүл Базарбаева.
СНХ: АЙГҮЛ БАЗАРБАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қазақтың дара да дана тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай атамыздың торқалы тойына байланысты іс-шара жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шараға көптеген адамдар қатынасып жатыр. Осы іс-шаралардан кереметтей, өзімізге қажетті үлгі, тәрбие аламыз. Абай атамыздың жастарға қалдырған өсиеттері, қара сөздері, нақыл сөздері, өлеңдері өте тамаша. Біз Абай атамыздың қазақ болғанына, Абай атамыздан көп нәрсе үйренгенімізге мақтанамыз, қуанамыз. Абай атамыздың іс-шарасында жақсы, құлақтан кіріп бойды алар әндер шырқалды, өлеңдер, қарасөздер оқылды. Осындай Абай атамыздың іс-шаралары жасөспірімдерге өте тәрбиелік мәні зор.
РКС: Абай мұрасы – жасқа да, жасамысқа да ортақ қазына. Ұлы ақынның әрбір шығармасынан адамды білімге, еңбекке, ізденіске жетелейтін өнеге табуға болады. Абай айтқан ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, ғылым мен білімге ұмтылу – бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоймаған ұстаным.
СНХ: МҰХАММЕД ҚОҢҚАЕВ, М.ҒАБДУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің Абай атамыз әдебиетіміздің, өркениетіміздің темірқазығы ғой. Сол себепті әр күн сайын Абай мұрасын насихаттай беруіміз керек. Әр күн сайын Абай әндерін шырқап, жас ұрпаққа ой салар ғибратты сөздерін айта беруіміз керек. Абай өлеңдерімен сусындап өстік қой. Жыл сайын Абай оқулары бар, Абайдың мерейтойларына арналған мүшәйра, айтыстар бар. Соның барлығына шамамыз келгенше қатысып келе жатырмыз. Сөз бар ғой, Мағжан ақынның ақыны, Абай ақылдың ақыны деген, сол сияқты шынында да ақыл, ғибратқа толы өнегелі ойлар іздейтін болсақ, Абайдың әлеміне бойлауымыз керек. Абайдың өзі айтқандай, «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп. Жалпы, кей өлеңдерін адамзат түсіне бермеуі мүмкін. «Абай жолын» оқыған сайын әр қырынан Абай ашыла бермек. Абай мұрасы өлмейді, Абай мұрасы мәңгілік.
РКС: Кездесу соңында қатысушылар ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындап, рухани кешті әуезді әнмен қорытындылады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ