Негізгі Жаңалықтар «Заң мен тәртіп»: жастарға арналған танымдық шара өтті

«Заң мен тәртіп»: жастарға арналған танымдық шара өтті


ДИКТОР: Күні кеше шаһарда «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында жастарға арналған «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпке жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Акция барысында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жастарға өз жұмысының ерекшелігін таныстырды. Қатысушылар Жедел басқару орталығының қызметімен, кинологтардың жұмысымен танысып, заманауи қару-жарақ пен арнайы техниканың мүмкіндіктерін өз көздерімен көрді. Танымдық шараға 14 пен 18 жас аралығындағы жастар мен еріктілер қатысты.

СНХ: АХАТ АРЫСТАНҒАЛИ, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ: Прокуратураның жұмысы ерекше ұнады. Қаламызда полицияның қоғамдық тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүргенін көрдік. Осындай күштік құрылымдардың бар екеніне қуандым. Полицияның қалай жұмыс істейтінін біліп, бұл салаға қызығушылығым артты. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деймін. Сондай-ақ, қандай заңдарды бұзуға болмайтынын, қоғамда өзін қалай ұстау керектігін, тазалық пен тәртіпті сақтап, қоқыс тастамаудың маңызын түсіндік.

СНХ: МИЛАНА САЙЛАУБАЕВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Бірінші локациядан түсінгенім әрбір адамның осы жұмыста қандай да бір өзінің мақсаты, міндеттері бар екен. Мысалы біреуі камерамен жұмыс істейді, біреу жазып отырады, олар барлығы бірігіп, қаламыздың тәртібі мен тыныштығын сақтап жүргендеріне разы болдым, көрдім қалай жұмыс жасап жатыр. 

РКС: Қатысушылар құқық қорғау саласы мамандарының күнделікті қызметімен танысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, заңға құрметін арттыруға ықпал етеді.

СНХ: ШЫҢҒЫСХАН ЕЛЕШ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қазір жаз мезгіліндегі жастар бар, «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеген жастар бар, сонымен қатар осы Көкшетау қаласындағы волонтерлермен бірге осы шараға шақырып, оларға танымды, қызықты экскурсияның кезектерін ұйымдастырып жатырмыз. Полиция департаментінде экскурсия жасап жатырмыз, кейін Ақмола облысының тергеп-тексеру департаментіне барамыз және де Төтенше жағдайлар департаментінде боламыз. 

РКС: Кейін жастар Ақмола облысының Тергеп-тексеру департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысты. Балаларға өрт сөндіру көліктеріне мініп, құтқарушылардың арнайы киімдері мен қорғаныс құралдарын киіп көруге мүмкіндік берілді. Жастар ерекше әсер алды. Мұндай шаралар жас ұрпақтың құтқарушы және полиция қызметкері мамандықтарына қызығушылығын арттырып, болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.

СНХ: АЙЫМ АЛТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Мұндай шаралар балалар мен жастардың тәрбиесіне оң әсер етеді. Бүгінгі акция барысында полиция департаментінде ұсақ құқықбұзушылықтар, бұзақылық әрекеттердің қалай анықталатыны және құқық бұзғандарға қандай шаралар қолданылатыны жан-жақты түсіндірілді. Бұл акция жоспарға сәйкес тоқсан сайын өткізілмек. Жалпы, осындай профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

РКС: Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан акция алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу