Негізгі Жаңалықтар Мүлік салығын төлеу мерзімі қазанның 1-де аяқталады

Мүлік салығын төлеу мерзімі қазанның 1-де аяқталады


ДИКТОР: Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мәселесі қашан да өзекті. Ақмола облысында шамамен 224 мың жеке тұлға мүлік салығын төлеуші ретінде тіркелген. Олардың 2025 жыл үшін есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады. Салық мөлшері мүліктің салық салу құнына байланысты анықталады. Мамандар салықты уақытылы төлемеген азаматтарға 2 қазаннан бастап өсімпұл есептелетінін ескертеді.

РКС: Қазір Ақмола облысы бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығына қатысты берешек шамамен 40 миллион теңге. Мүлік салығы бойынша берешекті 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы, Мемлекеттік кірістер комитетінің порталынан немесе SalyqBot чат-боты арқылы тексеруге болады. 

СНХ: НҰРЛАН МАХАМБЕТ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 2 қазаннан бастап салықты белгіленген мерзімде төлемеген азаматтарға қатысты бірқатар шара қолданылады. Атап айтқанда, банктік қызметтерге шектеу қойылады Берешегі бар азаматтар банк шотын аша алмайды немесе несие рәсімдей алмайды. Сонымен қатар, әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеледі. Оның мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері шамасында. 

РКС: Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңнамаға сәйкес азаматтардың бірқатар санатына мүлік салығын төлеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар және басқа да әлеуметтік санаттағы азаматтар бар.

СНХ: НҰРЛАН МАХАМБЕТ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Мүлік салығын төлеуден босатылғандар қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, бала кезінен мүгедектігі бар ата-аналардың бірі, көпбалалы аналар және жеке тұратын зейнеткерлер бар. Осы санаттағы азаматтарға қажетті ақпаратты беру мақсатында қазір Мемлекеттік кірістер департаментінде колл орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, өндірістік емес төлемдер басқармасынан жеңілдік санаттарына қатысты өтініштерді қарау және түсіндіру жұмыстарын жүргізетін қосымша бір қызметкер бекітілген.

РКС: Мамандар азаматтарға салық міндеттемелерін алдын ала тексеріп, төлемді белгіленген мерзімге дейін өтеуге кеңес береді. Ал, салық бойынша жеңілдіктерге жататын азаматтар өз мәртебесін нақтылап, тиісті ақпаратты байланыс орталығы немесе Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары арқылы ала алады. Салықты уақытылы төлеп, берешек пен қосымша өсімпұлдың алдын алуға болатынын естен шығармаған жөн. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу