Көкпар мен бәйгеден дүбірлі дода өтті
ДИКТОР: Шортанды ауданында ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі дода өтті. Көкпар мен бәйгеге жиналған шабандоздар жеңіс жолында бақ сынап, көрерменге қызу бәсеке сыйлады. Додаға жиналған жұртшылық үшін бұл – ұлттық ойынның өнегесін көріп, ата дәстүрдің қадірін сезінген ерекше күн. Жарыс ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.
РКС: Ұлттық ойынның ажырамас бөлігіне айналған көкпар мен бәйге бұл жолы да көпшіліктің назарында болды. Додаға әр өңірден келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыстың ашылуында аудан әкімі ата дәстүрді жаңғыртып, ұлттық спортты дамыту мен жас ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтті.
СНХ: САҒЫНДЫҚ ШАБАРОВ, ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті аудан тұрғындары мен аудан қонақтары, қадірлі ағайын баршаңызды ұлттық спорт додасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін ауданымыз үшін ерекше күн. Араға 7 жылға жуық уақыт салып бәйге мен көкпардың қайта өтуі баршамыз үші қуанышты жаңалық. Бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл ата дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық рухымызды көтеріп, елді біріктіретін маңызды шара. Бүгінгі додаға қатысып отырған барлық шабандоздар мен көкпаршыларға сәттілік тілеймін. Жүйріктер озып, мықтылар жеңсін, дода тартысты, жарыс қызықты өтсін. Шараны ұйымдастырып, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымызды айтамыз.
РКС: Көкпардан клубтар арасындағы Asian Kokpar League додасының 2026 жылғы маусымы тартысты өтті. Биылғы бәсекеге еліміздің әр өңірінен келген сегіз команда қатысты. Топтық кезеңде үздік шыққан төрт команда шешуші кезеңге жолдама алды. Жартылай финалда Қарағанды командасы Құлатайды 5:4 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ал ақтық сында Ақкөлді 5:0 есебімен басып озды. Ал бәйгеде шабандоздар жүйріктерін жарыс жолына қосып, бабын сынады. Додаға жиналған көпшілік ат спортының бұл түріне де қызығушылық танытып, жүйріктердің жарысын қуана қызықтады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРҚАНАТ СӘБИТОВ, ШОРТАНДЫ АУДАНЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Шортанды ауданымыза біздің үлкен дүбірлі той өтті. Ұлттық спорттарымыз көкпар және бәйгеден де мықты тартыс өтті. Бұл той барша Шортанды халқымызға, барша келген қонақтарымызға қатты ұнап, риза болды. Бұл ұлттық спорт көкпар болсын, бәйге болсын, ол тек қана денені шынықтырмайды, сонымен қатар ұлттық рухымызды көтеріп, халыққа керемет әсерін тигізетінн өздеріңіз де білесіздер. Бүгінгі дүбірлі додада көкпаршыларымыз өте әсерлі ойын көрсетті. Келген қонақтарымыз да өз алғыстарын айтып жатыр, қатысушыларымыз да рахмет айтып, алғыс жаудыруда. Ұлттық спортымызды дамытуға кішігірім болсын үлесімізді тигізсек, біз үшін мәртебе. Ұлттық спортымыз жасасын.Тек қана жақсылық болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.
РКС: Дода қорытындысы бойынша Қарағанды командасы чемпион атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді. Ақкөл командасы екінші орынға жайғасса, Ерейментау ауданының Ақмырза құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Ал Целиноград ауданынан келген Құлатай төртінші орыннан көрінді. Осылайша, ұлттық спорттың мерейін асырған бәсекеде үздіктер анықталып, жеңімпаздар лайықты марапатталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ