Негізгі Жаңалықтар Өңірде сифилис жағдайы тұрақты

Өңірде сифилис жағдайы тұрақты


ДИКТОР: Биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде сифилиспен алғашқы сырқаттанушылық 3,9 пайызға өсті. Дегенмен мамандар тіркелген жағдайлар санының артуы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын білдірмейтінін айтады. Аймақтағы сырқаттың жағдайы туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Жыл басынан бері өңірде сифилистің 20 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл ауру 28 адамнан анықталған. Дәрігерлер өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деп бағалайды. Сырқаттанушылықтың күрт өсуі байқалмайды.

СНХ: НАТАЛЬЯ СОКОЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ДЕРМАТОВЕНЕРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: Жалпы өңірдегі сифилис жағдайы тұрақты. Динамика бар, кей кезеңдерде аздап өсім байқалады, кейін төмендейді, қайтадан өсіп, төмендеп отырады. Соңғы бес жылдағы динамика тұрақты. Сондықтан қазір қандай да бір эпидемиологиялық өршу немесе күрделі мәселе бар деп айтуға болмайды. Жалпы өсім жоқ, жағдай тұрақты. Бірақ бір жағынан, төмендеу де байқалмайды. Сифилисті жеңдік, қандай да бір нәтижеге қол жеткіздік деп айта алмаймын. Қазір көрсеткіштер бір деңгейде тұр.

ГРАФИКА МӘТІНІ:

Сифилистің алғашқы белгілерін оңай байқамай қалуға немесе басқа аурумен шатастыруға болады. Сондықтан жыныс мүшелерінде және ауыз қуысында пайда болатын ауырсынусыз жараға, сондай-ақ жақын орналасқан лимфа түйіндерінің қабынуына назар аудару маңызды. Бұл белгілер аурудың алғашқы кезеңінде пайда болады. Екінші кезеңіне терідегі және шырышты қабаттардағы бөртпелер, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақ ауруы және басқа да арнайы емес белгілер жатады.

ГРАФИКА:

СИФИЛИСТІҢ АЛҒАШҚЫ ЖӘНЕ ЕКІНШІ КЕЗЕҢДЕГІ БЕЛГІЛЕРІ

АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢ:

инфекция түскен жерде ауырсынусыз жараның пайда болуы

жақын орналасқан лимфа түйіндерінің ұлғаюы

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ:

тері мен шырышты қабаттардағы бөртпелер

лимфа түйіндерінің ұлғаюы

дене қызуының көтерілуі, әлсіздік

тамақтың ауыруы немесе басқа да өзге ауруларға тән белгілер

РКС: Сифилис жыныстық жолмен беріледі. Қорғаныс құралдарынсыз жыныстық қатынастың кез келген түрі кезінде жұғуы мүмкін. Тәуекел тобына жыныстық белсенді жастағы адамдар жатады. Сондықтан жастар арасында жыныстық тәрбиеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Білім беру ұйымдарындағы медицина қызметкерлері студенттерге жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралу жолдары және олардан сақтану тәсілдері туралы тұрақты түрде ақпарат береді.

СНХ: ДӘМЕЖАН ЕСЛЯМОВА, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖОҒАРЫ САНАТТЫ МЕДБИКЕСІ: Әсіресе осы инфекциялардың жыныстық жолмен берілетін аурулары жайлы көптеген ақпараттар беріледі, ол үшін біз осы ең бірінші курс студенттерін мәжіліс залына жинап немесе әр сынып сағатында осы жайлы көп ақпараттар береміз және де осы балаларға ерте жастағы жүктіліктің алдын алу үшін біз балалар арасында, әсіресе оның денсаулыққа қаншалықты зиян екендігін түсіндіріп және контрацепциялық дәрілерді қабылдап.

РКС: Бүгінде сифилис емдеуге болатын аурулардың қатарына жатады. Күмәнді белгілер байқалған жағдайда немесе қорғаныс құралдарынсыз жыныстық қатынастан кейін дәрігерге жүгініп, тексеруден өту қажет. Дәрігерлердің сөзінше, ауру неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу және инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу соғұрлым оңай.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу