Жұмысынан айырылу бойынша төлемдердің жаңа ережелері
ДИКТОР: 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Енді мемлекеттік қолдау алу ұзақтығы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Бұл ретте жұмыссыздар үшін көмектің басқа да шаралары қолжетімді болып қалады.
РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Ләйла Жанғалиева жұмыссыз ретінде мансап орталығына жүгінді. Оған жұмыс іздеу барысында мемлекеттен төлем белгіленді. Кейін мамандық бойынша бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгінде ол кассир болып жұмысқа орналасты.
СНХ: ЛӘЙЛА ЖАНҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мансап орталығына бардым. Олар маған түсіндіріп, мемлекеттік қызметті көрсетті. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, алты ай бойы жәрдемақы алып, кейін жұмысқа орналастым. Бұл мүмкіндік туралы Инстаграм Енбек.kz-тен білдім. Олар маған қоңырау шалып, жұмыс ұсынды, солай еңбекпен қамтылдым.
РКС: Жаңа ережеге сәйкес, жұмысынан айырылу бойынша ең көп төлем мерзімі үш айды құрайды. Алты айдан он екі айға дейінгі сақтандыру өтілі болған жағдайда ол бір айға тағайындалады. Бір жылдан екі жылға дейін - екі айға, екі жылдан аса - үш айға жәрдемақы берілмек. Жәрдемақы мөлшері адамның табысына байланысты болады, бірақ 267 мың 750 теңгеден аспайды.
ГРАФИКА: ЕҢБЕК ӨТІЛІ БОЙЫНША ТӨЛЕМ МЕРЗІМІ
6-12 АЙ - 1 АЙ
12-24 АЙ - 2 АЙ
24 АЙДАН БАСТАП - 3 АЙ
ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІ - 267 750 ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН
РКС: Жаңа ережелер төлемге құқығы 1 қазаннан бастап болатындарға қолданылады. Жәрдемақы бұрын тағайындалған азаматтарға қаражат белгіленген кезең аяқталғанға дейін төленетін болады. Қазір Ақмола облысында 7 мың 292 жұмыссыз тіркелген, олардың 3 мың 326-сы әлеуметтік төлем алады.
СНХ: БОЛАТ ШӘРІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі таңда мансап орталықтары аталған санат үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде. Атап айтқанда, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары. Бұл жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, күміс жас және әлеуметтік жұмыс орындары. Бұдан басқа, кәсіпкерлік бастама бойынша «Бастау бизнес» бағдарламасы жұмыс істейді, оған өз кәсіпкерлік қызметін бастау үшін 400 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған, бұл 1 млн 730 мың теңгені құрайды.
РКС: Өз бетінше де жұмыс табуға болады - Enbek.kz-ке қазір өңір бойынша мыңдаған бос жұмыс орындары орналастырылған. Ал мамандығын ауыстырғысы келетіндер үшін тегін курстар, соның ішінде 300-ден аса Skills Enbek платформасындағы бағдарламалар қолжетімді.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.