Негізгі Жаңалықтар Еңбекпен келген береке

Еңбекпен келген береке


ДИКТОР: Жүзім жемісі десе, көз алдымызға бірден жылы аймақтар елестейтіні рас. Күн шуағы мол түсетін оңтүстіктің жемісін қысы қатал өңірлерде өсіру оңай емес әрине. Дегенмен, Аршалы ауданына қарасты Арнасай мектебінің оқушылары жүзім өсірудің өзіндік әдісін тауыпты. Қатаң табиғи климат оқушылардың талабына кедергі бола алмады. Тілшіміз арнайы барып танысып қайтты.  

РКС: Сары Арқа жері жүзім өсіруге қолайсыз. Сондықтан бұл өңірде жайқалған жүзім алқабын көру сирек құбылыс. Десе де Аршалы ауданының оқушылары жемісті жылыжайда өсіріп, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Бұл – жай ғана өнім алу емес, оқушылардың табандылығы мен ізденісінің нәтижесі. Осылайша мектеп оқушылары солтүстік аймақта да жүзім өсіруге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеуде. Бұлар – жылыжайдағы әдеттегі көшеттер емес. Әр түптің артында баланың еңбегі, ізденісі мен қызығушылығы бар. Олар жүзімнің өсу ерекшелігін зерттеп, топырағын дайындап, суару мен күтудің тиімді жолдарын үйренген. Бастапқыда оқушылар 3 түп жүзім отырғызыпты, қазір жылыжай іші толы жүзім өсімдігі. Жалпы жүзімнің күтімі күрделірек, жылу мен жарықты жақсы көреді.  

СНХ: ЕЛЕНА МОЛЕШКОВА, АРНАСАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мектептегі тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі – экология-экономика тақырыбында да тәрбие беру. Біраз уақыт бұрын 9-сынып оқушылары мектеп жанында үлкен жеміс,көкөніс алқабы болса деген ұсыныс айтқан. Олар асханаға қажетті көкөністерді өзіміз өсірсек деген. Сол кездегі жоба жүзеге асып, қазір мектептің негізгі әрі ауқымды жобаларының біріне айналды. Ал ерекше мақтанышымызға айналғаны – ол әрине жүзім. Бастапқыда оны өсіре аламыз деп тіпті ойлаған да жоқпыз. Енді көптеген ата-аналар мектепке келіп, таңданып сұрап жүр. Балалар да мақтана айтады: мектеп дастарханында өздері өсірген жүзімнің, өзге де көкеністердің дәмін татады./ 

РКС: Білім ордасының жанынан көкөніс алқабын жасау идеясын да оқушылар ұсынған. Бастапқы мақсат – мектеп асханасын өз өнімдерімен қамтамасыз ету. 

СНХ: КИРИЛЛ РОМАНОВ, ОҚУШЫ: Жаз мезгілінде біз жетекшімізбен бірге жүзім және басқа да өсімдіктерді күтіп баптадық, суардық, арамшөптерін жұлып тазаладық. Жүзімге ерекше күтім керек, дегенмен өсіруге болады. Біз әртүрлі көкөністер мен гүлдердің тұқымдарын да ектік. Алғашқы өскіндер шыққан соң, жылыжай мен алқапқа қайта отырғыздық. Осылайша көп нәрсе үйрендік, бұл тәжірибе өмірде қажет болады деп ойлаймын.

РКС: Экологиялық жобаның тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеу. Мектепте «Суды бірге үнемдейік» жобасы аясында тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Оқушылар арнайы еріктілер тобын құрып, суды тиімді пайдалану тәсілдерін зерттеген. Бүгінде мектептің бау-бақша алаңы тамшылатып суарылады. Қазір мектеп жанындағы алқапта көкөністің 19 түрі өсіріледі. Мектептегі еңбек тек егістікпен шектелмейді. Жиналған өнімді қысқа сақтау үшін дайындық басталып, оқушылар қияр, қызанақ, қырыққабат тұздауды үйренеді. Оқушылар жетекшілерімен бірге 200-дей банка көкөніс тұздаған.   

СНХ: ЕКАТЕРИНА КОБЫЛКИНА, ОҚУШЫ: Мына көкөністерді тұздап, консерві жабамыз. Банкаларды қалай дұрыс зарарсыздандыру керек, қалай жабу және сақтау қажет екенін үйренеміз. Мұндай дағдыларды қыздарға 5-сыныптан бастап еңбек сабағында үйрете бастайды. Сонымен қатар мектепте өсірілген жүзімнен тосап дайындаймыз. Балаларға мұндай жұмыстар өте ұнайды.

РКС: Бұл – баланы еңбекке баулитын, табиғатты қорғауға үйрететін тәжірибе алаңы. Сондай-ақ, үнемшілдік пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ал ең бастысы – оқушы бүгін мектеп ауласында еккен дәннің ертең жеміс беретінін өз көзімен көріп өседі.  

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу