25 шақырылушы отан алдындағы борышын өтеуге аттанды
ДИКТОР: Күні кеше әскерге шақырылған 25 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Жас сарбаздар елорданың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 5573 әскери бөлімінде қызметін атқарады. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Оларды шығарып салу рәсіміне ата-аналары мен жақындары да қатысты. Әскерге аттанған азаматтардың арасында Көкшетау қаласы мен облыстың бірнеше ауданнан шақырылған жастар бар. Олардың барлығы медициналық тексеруден өтіп, әскери бөлімге жіберілді.
СНХ: МАХМҰТ ЖӘНІБЕК, 5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ОФИЦЕРІ: Қазіргі таңда Ақмола облысы Көкшетау қаласынан 25 жас сарбазды алып кетіп жатырмын. Біздің әскери бөлімнің ең бірінші мақсаты – елордамыздың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау. Сарбаздар ертеңгі біздің елордамыздың көшелерінде түрлі қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамның қауіпсіздігін сақтау үшін қалада жүреді.
РКС: №5573 әскери бөлімінің жас сарбаздары қызмет барысында көшелердегі қоғамдық тәртіпті бақылаудан бөлек төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға атсалыспақ. Әскери бөлім өкілдері қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
СНХ: ЕРБОЛАТ ӨТЕПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әскер қатарына ұл шығару әрбір отбасы үшін үлкен мәртебе әрі жауыпкершілік. Сіздер елге адал, намысты, батыл ұл тәрбиелеп өсірдіңіздер. Бұл ең үлкен еңбек пен мақтаныш. Балаларыңыз абыроймен қызмет етіп, адал болып, олар Отан қорғаудың қасиетті жолында мықты сарбаз болып, аман-есен оралсын деп тілеймін.
РКС: Отан алдындағы борышын өтеу жас азаматтың өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Әскери қызмет барысында болашақ сарбаздар тәртіпке бейімделіп, жауапкершілік пен ұйымшылдықты меңгереді. Ал білімін әрі қарай жетілдіріп, әскери саланы кәсіби мамандық ретінде таңдағандардың қызметтік мансапта өсуіне мүмкіндік бар.
СНХ: КАТИЛА АСХАТ, ШАҚЫРЫЛУШЫНЫҢ АНАСЫ (БІРЖАН САЛ АУДАНЫ): Әскери борышын өтеуге бара жатқан ұлыма, жас сарбазға сәттілік тілеймін, мықты денсаулық тілеймін, Отан алдындағы борышын абыройлы атқарып, аман-есен ортамызға оралуын тілеймін. Барлық балаларға амандық тілеймін. 00:20
СНХ: ДӘУЛЕТ МӘЛІКОВ, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ (АРШАЛЫ АУДАНЫ): Әскерге өз еркімен келіп тұрмын. Айтатыным – әскер ұнайды. Өзімде арман болған әскерге бару. Қатарластарыма айтарым – әскерден қорықпай, Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеп келсін.
РКС: Мерзімді әскери қызметтен кейін сарбаздар әскери салада қалуға ниет білдірсе, келісімшарт негізінде қызметін жалғастыра алады. Бұл ретте арнайы орта білімі бар азаматтар сержанттық құрамда, ал жоғары білімі бар әскери қызметшілер офицерлік бағытта кәсіби жолын жалғастыра алады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ