Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті
ДИКТОР: Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың таныстырылымына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев арнайы қатысып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, мәдениет қайраткерлері, ардагерлер мен жастар жиналды.
РКС: Мемлекет басшысының еңбегінде елдің саяси-әлеуметтік жаңғыруы мен қоғамдық дамудың өзекті мәселелері кеңінен қамтылған. Президенттің қызмет кезеңінде айтқан маңызды пікірлері, пайымды тұжырымдары мен негізгі бастамалары, республикалық және халықаралық жиындарда көтерген ойлары бір жинаққа топтастырылған.
СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жарық көріп жатқан осы басылым Президентіміздің зияткерлік шежіреміз десек те болады. Бұл жерде жалпы елімізді өркендету, одан әрі әлемдік өркениеті дамыған елдердің қатарына қосу жолындағы жүргізіп жатқан шаралардың негізгі идеясы, мазмұны осы жерде көрініс тауып отыр. 7 жылдық Президент кезеңіндегі негізгі ойлар осы жерде жарық көріп отыр, бұл үлкен бір тарихтың бастауы десек болады, әлі де жалғасы болады деп ойлаймын.
РКС: Жинақта ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға қатысты маңызды ойлар да қамтылған. Тарихи тұлғалар мен тағылымды кезеңдерге қатысты пайымдар, сондай-ақ қоғамдағы адамгершілік пен әділеттілік туралы тұжырымдар оқырманға ұсынылған. Кітаптың мазмұны бүгінгі өзгерістермен де сабақтас. Елдегі саяси-экономикалық реформалар, жаңа технологиялардың дамуы мен цифрландыру үдерісі – қоғамның жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Әділ қоғам құру, әділ қоғамда адал азаматтың орны, тарихымыздың үлкен тарауларын, кешегі Алтын орда туралы ой-толғаулары, одан қалды еліміздің ой данасы Ұлы Абайды сөзге тиек етіп, толық адам туралы айтуының бәрі де болашақ ұрпаққа үлгі боларлық, бағыт-бағдар боларлық дүние деп ойлаймын. Бұл кітап жалпы қоғамға таралып, әркім өзіне ой түйеді деп ойлаймын.
РКС: Кітап өткеннен тағылым алып, бүгінді бағалап, болашаққа нық қадам басуға үндейді. Жиынға қатысқан жастар үшін бұл басқосу ел дамуына қатысты маңызды ойларды саралап, өзіне қажетті бағыт-бағдар алуға мүмкіндік берді. Ұлттың ертеңі – білімді әрі жауапты ұрпақтың қолында. Ал осындай еңбектер жас буынның ел тарихын танып, болашаққа сеніммен қарауына жол ашады.
СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Біз тәуелсіздікті сақтауымыз керек, елдің бірлігін, ынтымағын сақтауымыз керек, соны сақтай отырып, өзімізді-өзіміз дамыту, өзімізді-өзіміз биікке көтеру, өзіміздің тұғырымызды, өзіміздің биіктігімізді әлемге дамыту мәселесі тұр. Мәдениетті ұлт болу, еңбекқор ұлт болу. Озық ойлы ұлт болу мәселесі.
РКС: Кітап оқитын ұлт – Мемлекет басшысы бастаған маңызды жобаның бірі. Осы бастамамен тұспа-тұс өңірде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар да жүргізілуде. Биыл жобаны жүзеге асыру аясында фронт-кеңсе ашу қолға алынды. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының алғашқы легі облысқа таралып үлгерді. Басылымға деген қызығушылық өңірлерден де жоғары болып, кітапты ауыл-аймақтағы кітапханаларға жеткізу жөнінде ұсыныстар түскен. Осыған байланысты облыс әкімдігі баспамен байланысып, кітаптың қосымша тиражын әзірлеуді қолға алды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ