Негізгі Жаңалықтар Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру шаралары күшейтілмек

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру шаралары күшейтілмек


ДИКТОР: Заңнамалық шаралар арқылы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейту жоспарлануда. Соған орай Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу туралы ұсыныс жасалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдады. Тілшіміз баяндайды.   


РКС: Әлеуметтік желілер жасөспірімдер өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны шындық. Бұл олардың ақпарат жинайтын, үйренетін және достасатын орны. Дегенмен олар агрессивті мазмұнға ие сайттарға тіркеліп, кибербуллингке, тәуелділікке түседі және өзгеше мінез-құлық үлгілеріне еліктегіш келеді. Психологтар жасөспірімдердің осал топқа жататынын ескертіп жатса да, назардан тыс қалып жатқан жайттар бар. Виртуалды әлемге үнемі ену баланың эмоционалдық жағдайы мен мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Ата-ананың бақылауының болмауы мәселені одан әрі ушықтырады. Бала күніне бірнеше сағат бойы әлеуметтік желілерде уақыт өткізіп, жасына мүлдем сәйкес келмейтін ақпарат ағынына ұшырауы мүмкін.


СНХ: АҚНҰР ТӨЛЕБАЕВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Еліміздегі зерттеушілер де, шетелдік әріптестеріміз де әлеуметтік желілердің жас буынға, атап айтқанда, тек жиырма жастағыларға ғана емес, әсіресе жасөспірімдерге тигізетін әсерінің екіжақты сипатын атап өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, қазіргі таңда жасөспірімдік кезең 11 мен 20 жас аралығындағы уақыт деп анықталады. Бұл кезең физикалық және психологиялық деңгейлерде орын алатын елеулі әрі күрделі өзгерістермен сипатталады. Соның салдарынан, бұл мәселе өте өзекті сипат алуда. Жастар арасында когнитивтік функциялардың төмендеуі мен агрессияның күшеюі байқалып отырғандықтан, елімізде бұл жағдай «әлеуметтік эпидемия» ретінде сипатталуда. Сондай-ақ, жастар «прокрастинация» деген сәнді терминді жиі қолданады.

 РКС: Психологтардың пікірінше, жасөспірімдер шектеулерді қысым ретінде қабылдап, оларды айналып өтуге тырысуы мүмкін. Сондықтан өзгерістерді біртіндеп енгізген жөн.


СНХ: АҚНҰР ТӨЛЕБАЕВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Әлеуметтік желілерге кенеттен тыйым салу белгілі бір салдарларға әкелуі мүмкін, сондықтан шектеулерді кезең-кезеңімен енгізген жөн. Мысалы, алдымен белгілі бір шектеу қоюдан, яғни кешкі уақытта кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуден немесе бұғаттаудан бастауға болады.


РКС: Президент Құрылтайдың алғашқы отырысының ашылуында балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажеттігі туралы айтты. Мемлекет басшысы Үкіметтің 16 жасқа толмаған тұлғалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу жөніндегі бастамасын қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобасы қабылданғаннан кейін оны іске асырудың барлық тетіктері мұқият пысықталуы тиіс екенін атап өтті.


СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.

РКС: Басқа елдерде де осындай шектеулер қолданыста немесе енгізілу үстінде, ал қазақстандық мамандар бұл тәжірибені зерделеп жатыр. Атап айтқанда, жаңа заң жобасы әзірленді. Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет алдына мазмұнды сүзгіден өткізу шараларын іске асыру және балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу ауқымын кеңейту міндеті қойылды.


ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу