Көкшетауда құтқарушылар аллеясы ашылды
ДИКТОР: Облыс орталығында ашылған құтқарушылар Аллеясы ең алдымен осы қызметке адалдық танытып, түрлі табиғи апаттардан, оқыс оқиғалардан адамдарды аман алып қалатын жандарға құрметтің белгісі. Аллеяның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты. Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен жуырда ғана тағайындалған Министрдің алғашқы жұмыс бабындағы сапары Ақмола облысында жағымды жаңалықпен басталды. Бұл күні өртте көрсеткен қайсарлығы үшін бірқатар құтқарушы төс белгімен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Құтқарушылар аллеясының ұзындығы 160 метр, көлемі 1800 шаршы метрді құрайды. Дәл осы жерде астаналық өрт сөндіруші, бейбіт күннің қаһарманы, өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқарған ержүрек азамат Асқар Забикулиннің ескерткіші бой көтерген. Сонымен қатар еліміз бойынша орын алған төтенше жағдайлар барысында қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған естелік тақта мен бұл мамандықтың маңызын ұғындыратын сөздер де адамға ой салады. Құтқарушылар аллеясының ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды,-деді.
СНХ: МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Құтқарушы болу кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік. Себебі ол батыл шешімді,берік дайындықты және шынайы дайындықты қажет ететін мамандық. Қауіп төнген сәтте олардың алдында тек бір ғана мақсат тұрады, ол адамның өмірін сақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы мамандығы ең беделді мамандық екенін атап өтті.Бұл біздің салаға артылған зор сенім.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ШЫҢҒЫС САҒЫНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Осы құтқарушылар аллеясында қаза тапқан жауынгерлеріміздің тақтасы ашылды. Және Асқар Забикуллиннің ескерткіші орнатылған. Сондықтан аллеяны осы жерді таңдап, ертең болашақ ұрпақтарымыз осы батыл мамандықты таңдап, өзінің жолын осы қызметпен жалғастырады деп үміттенеміз.
РКС: Аллеяның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ернар Жәркешев апаттық жағдайда ержүректік танытатын осы мамандық иелерінің батылдығы мен батырлығына қашанда тағзым етеміз,-деді. Ал, азаматтық қорғау органының ардагері Серікхан Тұраров ұрпақтар сабақтастығының мызғымас дәлелі осындай мән-мағынасы зор шаралар екенін алға тартты. Бұл күні бірқатар құтқарушы «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» төс белгісімен және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
СНХ: БЕРІК БӘЖІКЕНОВ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ СЕРЖАНТЫ: Бірнеше құтқару операцияларына, авариялық құтқару қызметтеріне қатстым. 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Степногорскі, Ерейментау қалаларында болған дала өрт сөндірулеріне қатыстым. Бірнеше гектар аумақта өрт сөндіруге қатыстым.
РКС: Аллеяның ашылу салтанатында құтқарушы батыр Асқар Забикуллиннің туысқандары да келіп, бауырының рухына тағзым етті.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.