Негізгі Жаңалықтар Аймақта мал шаруашылығына субсидияны заңсыз алған

Аймақта мал шаруашылығына субсидияны заңсыз алған


ДИКТОР: Ақмола облысының шаруалары 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған. Бұл туралы қаржылық мониторинг Агенттігі мәлімдеді. Қаржыны мемлекет мал шаруашылығын дамытуға бөлген. Шортанды ауданындағы ветеринарлық станцияның басшысы мен «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры ірі қара мал басы туралы дәйексіз мәліметтер ұсынды деген күдікке ілініп отыр. Қаржылық мониторинг агентігі мемлекеттік субсидияға байланысты алаяқтық схеманы әшкереледі. Күдіктілер жалған есеппен айналысқан. Ақпараттық жүйеге жоқ малдар туралы мәлімет енгізген. Осы мәліметтердің негізінде қазынадан қаржы аударылып отырған. 

СНХ: ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мəліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған. Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.


Бөлісу