Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда кибермәдениет пен цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Көкшетауда кибермәдениет пен цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды


ДИКТОР: Қыркүйек Қазақстанда Кибермәдениет айы ретінде өткізіліп жатыр. Оның аясында азаматтардың цифрлық қауіпсіздік туралы білімін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі әрі бірегейі - Көкшетауда өткен форум-семинар. Жиында киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелері талқыланып, заманауи цифрлық қауіптерден сақтану жолдары айтылды.

РКС:Жасанды интеллект дамыған қазіргі кезеңде дипфейк, автоматтандырылған фишинг және әлеуметтік инженерия сияқты қауіптер көбейіп келеді. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік тек арнайы технологияларға емес, әр адамның күнделікті әрекетіне де тікелей байланысты. Семинарға жиналған кибермәдениет саласының үздік сарапшылары осы мәселенің қалай алдын алуға болатынын айтты. 

СНХ: ОЛЖАС ҚАМИ, «SMART AQMOLA» МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін біз дербес деректерді қорғаудың түрлі жолдарымен таныстық. Олардың қатарында пароль саясатын сақтау, кибергигиена мен киберсауаттылық талаптарын орындау, сондай-ақ, екі факторлы аутентификацияны қолдану бар. Жалпы, бұл тәсілдер күнделікті өмірде кеңінен пайдаланылады. Мәселен, түрлі мессенджерлерде, онлайн маркеттерде және банк қосымшаларында қолданылады. Мұндай сервистерде біздің байланысымыз тиісті түрде қорғалып, асимметриялық шифрлау технологиялары пайдаланылады.

РКС: Елде киберқауіпсіздік мәселесіне мемлекеттік деңгейде басым назар аударылып, заңнамалық талаптар күшейтілді. Мәселен, Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, дербес деректерді қорғау саласына қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. 

СНХ: ТАЛҒАТ МҰСТАҒҰЛОВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Биыл дербес деректерді қорғау саласына бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, заң бұзушылықтарды анықтау және дербес деректерді қорғау талаптарын күшейтуге бағытталған шаралар қабылданды. Сонымен қатар, маңызды өзгерістердің бірі Еңбек кодексіне енгізілген толықтырулар. Енді Қазақстандағы әрбір ұйым өз ішінде кибермәдениетті қалыптастырып, қызметкерлерінің киберсауаттылығын арттыруға міндетті.

СНХ: АЯУЛЫМ НҮСЕРБАЙ, А. МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгінгі іс-шарадан мен өзімнің жеке ақпараттарымды қорғау туралы көптеген жаңа мәліметтердім білдім. Себебі, қазіргі заманда бұл өте маңыздцы деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда интернет алаяқтар көбейіп бара жатыр, біз өзіміздің ақпараттарымцызды қорғауымыз керек.  

РКС: Облыста ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мамандар мен цифрлық офицерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқыту ұйымдастырылып, онда 150-ден астам маман қамтылды. Мұндай оқыту жұмыстары цифрлық қауіптердің алдын алып, өңірдегі ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Ал Кибермәдениет айлығына орай кибермәдениет пен цифрлық қауіпсіздік тақырыптарында бейнероликтер байқауы жарияланды. Бастаманың мақсаты тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз интернетті пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

РИЗАГҮЛ ШӘМНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу