Негізгі Жаңалықтар Жалпыға бірдей декларациялау 4 кезең бойынша жүзеге асырылады

Жалпыға бірдей декларациялау 4 кезең бойынша жүзеге асырылады


ДИКТОР:Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялауға көшу кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. 15-ші қыркүйек табыс пен мүлік туралы жыл сайынғы декларацияны тапсыру күні де жақындап қалды. Шетелде және ел ішінде активтері бар азаматтардың қайсысы қаржылық есептілік тапсыруға міндетті, ал кімдер бұл рәсімнен босатылғаны туралы тілшіміз айтып береді.

РКС: Жалпыға бірдей декларациялау елімізде 2021 жылдан бастап енгізіле бастады. Жүйе кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл азаматтардың табысын ашық көрсету, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету және салық салудың әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтардың басым бөлігі зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер мен жеке секторда жұмыс істейтіндер. Бұл азаматтар декларация тапсырудан босатылған. Ал, шетелде активтері бар, сондай-ақ мемлекеттік немесе сайланбалы лауазымдарға үміткер азаматтар үшін декларация тапсыру міндеті сақталады.

СНХ: НҰРЛАН МАХАМБЕТ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Декларацияда келесі мәліметтер көрсетілуі қажет. Шетелде тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, шетелдік банктердегі 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша қаражаты, брокерлік шоттардағы қаражат, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі және 10 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш шегіндегі қолма-қол ақша. Декларацияны кейінгі жылдың 15-ші қыркүйегінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.

РКС: Бастапқы декларацияны тапсырғаннан кейін азаматтар мүлкі мен кірістеріндегі өзгерістер туралы жыл сайын есеп беріп отыруы тиіс. Салық органдары ірі көлемдегі сатып алулар мен мәмілелер кезінде ақша қаражатының қайдан шыққанын тексереді. Декларацияны алғаш рет қате толтырған немесе белгіленген мерзімнен кеш тапсырған жағдайда ескерту жасалады. Ал заңбұзушылық қайталанған кезде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

СНХ: НҰРЛАН МАХАМБЕТ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Кейінгі жылдары 270-ші форма тапсырылады. Табыс пен мүлік туралы 270-ші формада дебиторлық берешек, шетелдегі табыс пен мүлік, өз бетінше салық салынуға жататын кірістер, салықтық есепке жатқызулар мен шегерімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және шетелде мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер көрсетіледі. Егер міндеттемелер болса, сатылған мүлік пен одан түскен табыс та декларацияда көрсетілуі қажет. Сондай-ақ, мүлік сатып алынған жағдайда, оған жұмсалған қаражаттың шығу көзі көрсетіледі.

РКС: Декларацияны жылдам әрі тез тапсыруға болады. Ол үшін салық органына барудың қажеті жоқ. Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын, «e-Salyq» «Azamat» қосымшаларын пайдалануға немесе салық төлеушінің жеке кабинетіне кіруге болады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.


Бөлісу