Негізгі Жаңалықтар Бүгін - Қазақы тазы мен төбет күні

Бүгін - Қазақы тазы мен төбет күні


ДИКТОР: Бүгін - 3 қыркүйек, Қазақы тазы мен төбет күні. Ұлттық құндылықты ұлықтауға арналған бұл мереке биыл алғаш рет ресми түрде аталып өтуде. Жеті қазынаның бірі саналатын тазы - қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан текті тұқым. Қазір Қазақстанның асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. 

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Тазы - кең даланы еркін кезген көшпендінің жан серігі, аңшының қанаты, саятшылықтың символы. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен текті тұқым бүгінде ұлттық мұра ретінде қайта түлеп келеді. Аймақта тазы тұқымын сақтап жүрген жандар ата дәстүрді жалғап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүр.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Зеренділік Қанат Жақыпов үшін тазы баптау - атадан мирас болған кәсіп. Атасының жанында жүріп аңшылық пен саятшылықтың қыр-сырын меңгерген ол бүгінде Таймас тұқымын ұстайды. Қазір қолында 5 асыл тұқымды тазы бар. Әрқайсысының аңға салу тәсілі мен мінезі бөлек.

СНХ: ҚАНАТ ЖАҚЫПОВ, ҚАРЛЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бес тазының бесеуінің де әртүрлі қасиеті бар. Біреуі қоянға қатты жүгіріп жатса, бірі елікке қатты жүгіреді. Енді бірі борсыққа қатты салынып жүгіреді. Өзінің ұнататын аңдары болады. 

РКС: Таймас тазы - аңнан таймайтын, жүйріктігі мен төзімділігі қатар сыналған текті тұқым. Осы қасиеті оны құмай тазы жарыстарында топ жарып жүрген таңдаулы тұқымдардың біріне айналдырған.  

СНХ: ҚАНАТ ЖАҚЫПОВ, ҚАРЛЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Тазыларды күшік кезінен баптаймыз. 6-7 айынан бастап, аңға баулаймыз. Бірінші шыққанда қоянға салып, үйретіп, дайындық кезінде аздап тамақ беріп, етін азайтып береміз. Бұларды дайындағанда 30-40 км күніне жүгірту керек. Жүгіртпесе, үйде жатып қалса, олар жалығып кетеді. Бір жасынан бастап аңға саламыз.

РКС: Әдетте тазының жүйріктігі бір шақырымдық қашықтықта сыналады. Текті тұқымға шетелде де қызығушылық жоғары. Сондықтан асыл тұқымды тазы күшіктерін алуға ниеттілердің қатары артып келеді, - дейді итбегі.

СНХ: ҚАНАТ ЖАҚЫПОВ, ҚАРЛЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мысалы мына күшіктер 1 ай бұрын туды. Мұның шешесі өте жүйрік тазы. Линиясы мықты, ата-бабалары қатты жүгірген. Аты біраз шулатқан тазы мынау. Бұл күшіктердің әкесі былтыр Қазақстан чемпионатында 2-ші болды елікке, дала сынағынан. Ал енді шырғадан 2 жыл қатарынан чемпион болды. Оқжетпес деген тазының күшіктері олар өте жүйрік.  

 РКС: Осылайша, аймақта тазы баптап, жарысқа қосып жүрген итбегілердің қатары жыл сайын артып келеді. Әрқайсысы ұлттық тұқымның жүйріктігін сынап, атадан жеткен дәстүрді кейінгі буынға жалғастырып келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу