Негізгі Жаңалықтар Тіл - халық бірлігінің негізі

Тіл - халық бірлігінің негізі


ДИКТОР: Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл-халық бірлігінің негізі» атты дөңгелек үстел басында өзге этнос жастары мемлекеттік тілдің мерейін асырып, мәртебесін өсірді. Олар таза қазақ тілінде ойын ортаға салып, тіл үйрену жолдарын көрсетіп, осы топырақта өсіп, өніп отырған түрлі этностың жергілікті ұлттың тілін білуі міндетті деді.

Интершум: 

РКС: Соңғы жылдары түрлі этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін жетік меңгеріп, өзінің екінші ана тіліне айналдырған белсенді жастар қатары өсіп келеді. Солардың бірі - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Оксана Зинченко. Ол қазақ отбасында тәрбие алып, бала күнінен қазақтың салты мен дәстүрін бойына сіңірген. Өзі білім алып жүрген оқу орнындағы шаралардың бел ортасында жүреді. Евгений Клевцов та қазақ отбасында тәрбие алып, ауылдағы қарадомалақтармен бірге жетілген. Қазақ тілінде таза сөйлейді. 

СНХ: ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Кішкентай кезімнен қазақ отбасында өстім, Менің әкем «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енген Қабылбаев Мұрат Молдабекұлы. Анам екеуі маған кішкентай кезімнен қазақша тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүрлері мен асыл қазыналы тілін бойыма сіңіріп өсірді. Ол кісілердің тәрбиесі менің өміріме ерекше тәрбиелік мән берді. Және менің әжем Айбат Шолақова атақты Балуан Шолақтың немересі екенін мақтанышпен айтқым келеді. 00.50//

СНХ: ЕВГЕНИЙ КЛЕВЦОВ, А. МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Жалпы қазақ тілін бала күнімнен жақсы білемін. Жетік меңгергем. Негізі әр азамат қазақ тілін білгісі келсе, ниеті болса, әрине ол үйренеді. Менің ойымша Қазақстанда тұрып жатқан әр азамат білуі керек, себебі ол бізге парыз, міндет деп ойлаймын.

РКС: Зеренді ауданына қарасты Симферополь ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Карина Рооттың ұлты неміс. Оның әжесі бала күнінен қазақтың әдемі сөздерін санасына сіңіргені сонша, сөйлеген кезде өзіңді жаңылдырады. Дөңгелек үстел басында Карина тіл үйренудің жолдарын слайд арқылы көрсетіп, оқушыларын да осылай машықтандыратынын айтты. 

СНХ КАРИНА РООТ, СИМФЕРОПОЛЬ ОРТА МЕКТЕБІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Өзге ұлт этносы бола отырып, балаларға қазақ тілін үйрету мен үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе. Оқушыларымның маған қазақ тілінде айтқан алғашқы сөздері қойған алғашқы сұрақтары мен үшін үлкен жетістік. Осындай жетістіктердің арқасында үлкен еңбек жатыр. Жалпы тіл-халықтың жаны, рухани қазынасы. Әрбір халықтың тарихы, дүниетанымы, мәдениеті тілде көрінісін тауып отырады. 

РКС: Бүгінгі дөңгелек үстел басына жиналған жастардың әрқайсысы қазақ отбасымен, қазақ ауылымен байланысы бар балалар. Сондықтан олар үшін қазақ тілінде сөйлеу еш қиындық туғызбайды. Қазақша ойлайды, қазақша тұжырым жасайды. Әрбірінің айтқан сөздері жүрекке қонымды. Шара соңында республикалық «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған онлайн-байқау жеңімпаздары марапатталды. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу