TIL FEST: Ұлы даланың үні
ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан халқының Тілдер күніне орай «TIL FEST: Ұлы даланың үні» атты креативті шоу өтті. Қазақ тілін дәріптеуге бағытталған шарада ұлттық өнер мен мәдениет, әуезді ән мен би және танымдық ойындар өзара үйлесім тапты. Кеш барысында қазақ тілінің қадір-қасиеті мен ұлттық болмысты қалыптастырудағы мәні кеңінен сөз болды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қоғамдық бірлестік өкілдері де өнерлерін ортаға салды. Бірі ән салса, енді бірі домбырамен күй шертіп, ұлттық өнердің бай мұрасынан сыр шертті. Өнерпаздардың әр қойылымы қазақ тілі мен мәдениетінің сабақтастығын айқындай түсті.
СНХ: ОРЫНТАЙ ЖҮСІБАЛИНА, «ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгін міне біздің қазақ тілінің құрметіне, қазақ тілінің әрі қарай дамуына, ары қарай үрдіс табуына арналған бүгінгі күнімізді жалғастырамыз деген үлкен үміттемін. Қандай жақсы отырыс болды. Қазақ тілінде ән айтылып, қазақ тілінде түрлі өлеңдер, Жұбан Молдағалиев өлеңдері оқылып, Үкілі Ыбырай әндері, Ақан сері әндері шырқалып, жақсы бір көрініс тапты. Сондықтан біздің мынау қазақ тіліміз, діліміз, дініміз, бәрі де бір ұяға, бір қоғам, бір ұйымға жиналып, ары қарай бағыт тапса екен, әрі қарай өріс тапса екен деп ойлаймын.
РКС: Кеш бағдарламасы тілге қатысты түрлі заманауи ойындармен толықты. Қатысушылар мақал-мәтелдерді жалғастырып, қазақша сөздерді дұрыс айту бойынша өзара сайысқа түсті. Кеш қонақтарына қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, түрлі сый-сияпаттар табысталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ