Державинск қаласының құрылғанына - 60 жыл
ДИКТОР: Биыл Державинск қаласының құрылғанына - 60 жыл. Жарқайың ауданының орталығы саналатын шаһардың мерейтойы аясында ауқымды спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Түрлі алаңдарда қазақ күресі мен футболдан турнирлер өтті. Ал ипподромда облысаралық ат жарысы ұйымдастырылды.
РКС: Ұлттық ат спорты бойынша жарыстар – мерейтойлық бағдарламаның басты шараларының бірі. Державинск ипподромында Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген шабандоздар бас қосты. Қатысушылар үш бағыт бойынша бақ сынады. Тай жарыс, құнан бәйге және аламан бәйге. Жарысқа қатысушылар жүйріктерін бірнеше ай бойы дайындаған. Себебі дүбірлі додада тұлпардың бабында болуы мен шабандоздың шеберлігі маңызды.
СНХ: БАТИХАН ТІЛЕГЕНОВ, АТ ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Ғабит Мүсіреповтан келдік, Шөптікөл деген ауылдан Түлкібай деген жездеміздің аты. Багира деген аты. Бұның аты - Тима, бұл - Мансур. Екеуі де жүлделі болды, Алланың қалауымен. Сол осы тойға келдік, үміттеніп келдік. Ана жылы келгенде бұл Багира екі болған, биыл міне Құдайдың қалауымен бір болды.
РКС: Мерейтой аясындағы спорттық жарыстардың бірі күрес кілемінде өтті. Державинск қаласына Ақмола облысының бірнеше ауданынан, сондай-ақ Көкшетау, Астана, Арқалық және Қостанайдан балуандар жиналды. Білекті де жүректі спортшылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады. Ал абсолюттік «Түйе балуан» санатында жеңімпаз арнайы сын арқылы белгілі болды.
СНХ: ЖАСҰЛАН ҚАЛҚАБАЕВ, КҮРЕС ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Қазақ күресінен Түйе палуан сайысында топ жарып жүлделі бірінші орынға ие болдым. Жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Балуандар сақадай сай дайындалып келген. Балуандарға келетін болсақ,біреуі әлсіз біреуі нашар дей алмаймын. Барлық балуан чемпион болуға лайықты. Бүгін менің бағым жанып, чемпион атандым. Мерейтой құтты болсын.
РКС: Спорттық бағдарлама «Жастар» стадионында да жалғасын тапты. Мұнда Жарқайың, Есіл аудандары мен Арқалық қаласының футбол командалары кездесті. Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша жеңіс Жарқайың ауданының командасына бұйырды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мерекелік бағдарлама барысында жиналғандарға Державинск қаласының тарихы таныстырылды. Қала мен ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға ерекше назар аударылды. Өткен тарих еске алынып, шаһардың алдағы даму бағыттары мен келешегі сөз болды. Мерекелік күн орталық алаңда өткен концертпен қорытындыланды. Онда қала тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ