Отандық өнім өндіретін кәсіпорындардың қатары көбеюде
ДИКТОР: Көкшетауда табиғи әрі сапалы отандық өнім өндіретін шағын цех өз жұмысын бастады. Мұнда тұтынушыға ыңғайлы әрі тез дайындалатын тағамдардың 10-нан аса түрі әзірленеді. Ең бастысы өнім құрамында химиялық қоспа жоқ, барлығы табиғи таза шикізаттан дайындалады. Цехтың ас мәзірі де сан алуан. Тауық сорпасынан бастап, көпшілік сүйіп жейтін лагманға дейінгі дайын тағамдар тұтынушыға ұсынылады. Тілшіміз цехтың тыныс-тіршілігімен танысып, тағамдардың қалай дайындалатынын көріп қайтты.
РКС: Жартылай дайын өнімнің жаңа түрлерін өндіретін шағын цех 2 ай бұрын іске қосылған. Соған қарамастан, кәсіпорын барлық талапқа сай жабдықталып, заманауи құрылғылармен қамтылған толыққанды өндіріс орнына айналып отыр. Бүгінде бұл цехтың қуаттылығы 250 дана дайын өнім шығарады. Өнімнің құрамына енетін ет, көкөніс пен барлық дәмдеуіш өңірлік өндірушілерден сатып алынады. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасы мен балғындығын қамтамасыз етіп, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді.
СНХ: БАУЫРЖАН БАРЖАНОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бүгінгі таңда бізде 1-ші, 2-ші тағам түрлері өндіріледі. Ол жаңағы күріш дейміз, қарақұмық сиыр еті мен тауық етімен, палау, тауық сорпасы, харчо сорпасы бар. Бүгінгі біздің цехымызда ең бірінші шикі зат қабылдау және алғашқы өндіру аймағында біз қабылдап, кейін осы цехқа әкелеміз, термо обработка жасаймыз. Ет пен күріштерді бөлек, бөлек пісіріп, суытып, өз фракцияларына дайындап, пешке салып кептіреміз.
РКС: Дайын өнім шығару үшін азық-түлік бірнеше сатыдан өтеді. Әуелі сұрыпталған көкөністер тазартылып кептіріледі. Дәл солай дәнді-дақылдарда бірнеше сатыдан өтіп кептіріледі. Бұл процесс арнайы шет елден әкелінген пеште дайындалады.
СНХ: АМАНЖОЛ МҰҚАНОВА, ЦЕХ ЖҰМЫСШЫСЫ: Қазір қарақұмықты кептіру процесіне жібереміз. Яғни, оны жуып болғаннан кейін арнайы кептіргішке қалыңдығы 5 мм-ден аспайтындай етіп, жұқа қабатпен орналастырамыз. Толық кептіру үшін 60–70 градус температурада 7 сағатқа қоямыз.
РКС: Дайындалған өнімге қажетті мөлшерде көкөністер қосылып, арнайы қаптамаларға салынады. Дайын қаптамадағы өнімнің таза салмағы 75 грамм. Осы мөлшерден бір порция дайын тағам әзірленеді. Бүгінде бұл отандық өнім тұтынушылар арасында сұранысқа ие болып келеді. Өнімнің сапасы мен дайындалу барысына ерекше мән беретін кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ