«Кофе және поэзия» жобасының жаңа маусымы
ДИКТОР: Көкшетауда поэзия сүйер қауым үшін ерекше кеш өтті. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Кофе және поэзия» жобасы жаңа маусымын ашты. Бұл жолы әдеби кеш кітапхана не кофехана төрінде емес, қала саябағында өтті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Кофе және поэзия» жобасы – жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап, поэзияға жақын жандарды бір ортаға біріктіру мақсатында қолға алынған. Жоба аясында қазақ, орыс және шетел поэзиясы оқылып, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады. Жобаның ерекшелігі – поэзияны кітапхана қабырғасымен шектемей, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру. Алғашқы маусымда кітапхана қаладағы кофеханалармен бірлесіп, әдеби акция өткізген. Ал биыл «Кофе және поэзия» жобасы жаңа бағытта жалғасын таппақ.
СНХ: ҚУАНЫШ ОСПАН, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Адамдардың жаны поэзияға жақын болса, адамдар шығармашылыққа жақын болса, сол құрылым біздің қоғам ізгілене түседі. Осы мақсатта жасалып жатқан дүние. Биыл жаңа маусым. Биыл мүлде басқаша бағытта жұмыс істейміз деп отырмыз. Былтырғы дүниені қайталамай, биыл бір жаңашылдықтар енгізетін боламыз осы жобаға. Аясын кеңейте бермекпіз. Бұрын қала аумағында болса, бұдан былай аудандарға шығуымыз мүмкін, көршілес облыстарға шығуымыз мүмкін. Бұның бәрі енді қазір ойластырылып жатыр.
РКС: Ән мен күй әуелеп, саябақтағы кештің сәнін келтірді. Бірі белгілі ақындардың өлеңдері оқылса, енді бірі әуезді әндер орындады. Ал жүрегіндегі сырын жырға қосқан авторлар өз шығармаларын көпшілікке ұсынды. Осындай мазмұнды кеште поэзия мен музыка ғана емес, түрлі шығармашылық топтар да бас қосты. Солардың бірі – «Между строк» шығармашылық ұжымы.
СНХ: СВЕТЛАНА РЕШЕТНЯК, «МЕЖДУ СТРОК» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Между строк» шығармашылық ұйымының өкілімін. Біздің орта – поэзияға, әдебиетке, театрға қызығатын жандардың басын қосады. Біз жиі поэзиялық кештер өткіземіз. Мұнда өнердің барлық түрі бір арнада тоғысады. Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы кітапханамен бірге поэзиялық кеш өткізіп отырмыз. Кеш барысында белгілі авторлардың, қазіргі заман ақындарының, классиктердің шығармаларын оқимыз. Ақмола өңірінің ақындары да өз туындыларын ұсынды. Қаламызда осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын. Мұндай шаралар адамдарды біріктіреді. Көпшілік осында келіп, бір-бірімен танысып, пікірлес жандарын табады.
РКС: Кешке келген көрерменнің арасында Көкшетауға алғаш рет табан тіреген жастар да бар. Поэзияға жаны жақын ол кеш туралы ести салысымен арнайы келуді ұйғарған.
СНХ: АЙАРУ ӨРІКБАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Арқаның жеріне, Көкшенің жеріне алғаш рет келуім, Бұл жаққа студент ретінде, оқуға келіп отырмын. Дәл осындай кешті көріп, тамашалап, бізге хабарлама келген кезде бірден келуді қаладым. Себебі, жаным сүйеді поэзияны. Өзім өлең оқығанды жақсы көремін, ұнатамын. Мәселен, Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы дегендей. Өте көп. Өзім де осындай өлеңдерге қатысып, республикалық жүлделердің иегерімін. Мұндай Көкшетауда болады деп ойламадым. Сол үшін бүгін өзімнің жанымдағы құрбыларыммен осы кешті тамашалауға келдім. Өте күшті ұйымдастырылған, Шәмші Қалдаяқовтың өлеңдерін айтып жатқан кезде бірден барып видеоға түсіріп жатырмыз.
РКС: Шығармашылық жүздесудің соңында ашық микрофон ұйымдастырылды. Көрермендер көпшілік алдына шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Кеш қонақтарына тәттілер мен ізгі тілектер жазылған шағын сыйлықтар үлестірілді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ