Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда инновациялық жобаларға жол ашылады

Көкшетауда инновациялық жобаларға жол ашылады


ДИКТОР: Көкшетауда қалалық ортаны инновациялық шешімдер арқылы дамыту жоспарлануда. Осы мақсатта өңірлік «Aqmola Hub» IT-хабы мен облыстық «Digital Aqmola» цифрландыру орталығы екі айлық интенсивті бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама барысында қатысушылар арасынан үздік үш команда анықталады. Жеңімпаздар өз жобаларын қалада жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады. Акселератор қашан басталады және әзірлеушілерге қандай мүмкіндіктер беріледі? Тілші баяндасын.


РКС: «Smart City Accelerator» бағдарламасы өңірде алғаш рет іске қосылмақ. Оған қатысқысы келетін стартаптар мен командалар қаланың дамуына бағытталған инновациялық технологиялық шешімдерін ұсынуы тиіс. Бұл жолы қатысушыларға төрт негізгі бағыт ұсынылып отыр. 

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, ӨҢІРЛІК «AQMOLA HUB» IT-ХАБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл бағытқа ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар, қалалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мекемелері мен мемлекеттік қызметтер, экология мен қоршаған ортаны мониторингі, көлік инфрақұрылымы, ұтқырлық пен туризм жатады. Қатысушылар бағдарлама барысында трекерлермен,салалық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істейді. Олар бизнес-модельдеу, юнит-экономика, өнім әзірлеу, маркетинг пен PR, мәмілелерді қорғау және көпшілік алдында сөйлеу бағыттары бойынша тәжірибелік білім мен кеңес береді. Осылайша, қатысушылар өз идеяларын жетілдіріп қана қоймай, оларды нақты нарыққа шығарып, қала өміріне енгізуге қажетті дағдыларды меңгереді.

РКС: Салалық сарапшылардың қолдауы командаларға әзірлеген өнімдерін одан әрі жетілдіріп, нақты қолданысқа енгізуге жан-жақты дайындайды. Байқауды ұйымдастырушылардың қатарында өңірді цифрлық басқару орталығы да бар. Бұл жергілікті биліктің қатысушылар әзірлеген жобаларды шаһардың күнделікті өміріне енгізуге дайын екенін көрсетеді.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, ӨҢІРЛІК «AQMOLA HUB» IT-ХАБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Өңірде қалалық ортаны цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде мұндай бағдарламалардың маңызы зор. Мұндай бағдарламалар қажетті инновациялық шешімдер әзірлейтін командалар мен әкімдік арасындағы өзара байланысты нығайтып, тиімді жобаларды жедел түрде іске асыруға мүмкіндік береді.

РКС: Интенсивке қатысуға өтінім қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Ал бағдарламаның өзі 10 қыркүйекте басталып, 10 қарашада Demo Day шарасымен қорытындыланады. Үздік командалар өз шешімдерін іс-шара барысында қалалық тапсырыс берушілерге, мемлекеттік органдар мен инвесторларға таныстырады. Ең үздік жобалар Көкшетау қаласының инфрақұрылымында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуы мүмкін. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар