Жас мамандар – ел болашағы
ДИКТОР: Соңғы 3 жылда елде ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі 2 есе өсті. Әсіресе жас ғалымдарды қолдауға және ғылыми зерттеулерге бизнесті тартуға басымдық беріліп отыр. Қазақстандағы ғылымның дамуы туралы тілші материалында.
РКС: Кез келген ғылыми ізденіс нақты мақсаттан басталады. Ғалымдар өз алдына өңірге пайдасы тиетін ғылыми-технологиялық міндеттер қойып, оның шешімін табуға ұмтылады. Өңірлердің ерекшеліктері де ескеріледі. Мәселен, Ақмола облысының ерекшелігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан жергілікті зерттеушілер аграрлық ғылымды дамытуға басымдық беріп отыр. Егістіктің жағдайы әуеден бақыланады. Сұранысқа ие дақылдардың жаңа сорттары әзірленіп, егін шаруашылығында заманауи технологиялар қолданылуда. Мұндай жаңашылдықты алға сүйрейтін білімді де білікті жас мамандар.
СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Қазір Қазақстанда жас ғалымдардың ғылыми жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасы бар. Сонымен қатар жас зерттеушілер арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға 3 жылға дейін мемлекеттік қаржыландыру қарастырылады. Бұл қолдау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Мәселен, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жылына шамамен 30 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, біздің бірнеше жас ғалымымыз мемлекеттік қолдаудың арқасында баспаналы болды.
РКС: Ғылыми жұмыстар білім беру үдерісімен қатар жүргізіліп келеді. Жоғары оқу орындарында студенттер жетекшілерімен бірге түрлі зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жинақтайды. Дәл осындай ортада жастардың ғылымға деген қызығушылығы артып, білімін тереңдетуге және жаңа бағытта ізденуге мүмкіндік алады.
СНХ: АЗИЗА ТҰЛҒАБЕКОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Ең алдымен, ғылымды танымал ету жұмысын біз мектеп оқушыларынан бастаймыз. Бұл бағытта 3 кезеңнен тұратын конференция өткіземіз. Ең алдымен мектеп оқушыларына, содан кейін студенттерге конференциялар ұйымдастырылады. Ал 3-і конференция қалыптасқан зерттеушілерге, ғалымдарға, соның ішінде халықаралық ғалымдарға, яғни халықаралық ғылыми зерттеушілерге арналған маңызды ғылыми конференция. Сонымен қатар, біздің университетте ғылыми үйірмелер де жұмыс істейді. 2025–2026 оқу жылында университетімізде 37 ғылыми үйірме қызмет атқарып, оған 213 студент қатысты.
РКС: Қазір университет базасында химиялық талдау, судың сапасын зерттеу, медициналық симуляция, инклюзивті білім беру және педагогикадағы инновациялар бағытында ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың тапсырыстары бойынша ғалымдар қолданбалы зерттеулер жүргізіп, жаңа технологияларды өндіріске енгізуде. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында талантты, білікті жас мамандар өсіп келеді. Олар болашақта еліміздің дамуына үлес қосып, ел болашағының берік негізіне айналады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ