Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты


ДИКТОР: Көкшетауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы соңғы бір аптада 0,5 пайызға төмендеді. Еліміз бойынша да бірқатар маусымдық өнім арзандаған. Оның ішінде пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз, қияр мен қызанақ, сондай-ақ алма мен қой еті бар. Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу өңір билігінің тұрақты бақылауында. Бағаны тұрақтандыру үшін қандай тетіктер іске қосылған? Тілші баяндасын. 

РКС: Көкшетаулық зейнеткер Гүләйім Қаратаева бұл дүкенге жиі келеді. Жергілікті тұрғындар оны «әлеуметтік дүкен» деп атайды. Мұнда күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктің түр-түрін табуға болады. Көкөніс пен жемістен бастап, жарма, қант, ет және сүт өнімдеріне дейін бар. Бастысы - бағасы қолжетімді, -дейді ол. 

СНХ: ГҮЛАЙЫМ ҚАРАТАЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР: Қажетті азық-түліктің бәрін осы жерден аламыз. Кейбір тауарларға шектеу қойылған, бірақ оның өзі түсінікті. Ең бастысы – осындай қолдау бар. Қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалған. Тұрғындар да риза.

РКС: Мұндағы бағаның тұрақты болуының бір себебі – өнімдердің тікелей өндірушілерден жеткізілуі. Делдалдардың аз болуы тауар құнын қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. 

СНХ: ОЛЬГА БЕЛОНОГ, САТУШЫ: Сонымен қатар, «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауы мен қаржыландыруы бар. Соның арқасында сөрелердегі бағаны көтермей, қазіргі деңгейде ұстап отырмыз.

РКС: Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіліміне бірінші кезекте қажетті 31 өнім енгізілген. Оларға қойылатын ең жоғары сауда үстемесі - 15 пайыз. Ақмола облысында жыл басынан бері осы талапты бұзудың 99 дерегі анықталған. Әр жағдай бойынша тиісті шара қабылданып, кәсіпкерлерге ескерту жасалған.

СНХ: НАРИМАН ЕСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – халықты қажетті өнімдермен тұрақты қамтамасыз етіп, олардың қолжетімділігін сақтау. Бұл үшін тұрақтандыру қорының өнім қоры, жеңілдетілген несие тетіктері және жергілікті бюджет қаражаты пайдаланылады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, бағаға тұрақты мониторинг жүргізіледі.

РКС: Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы - жергілікті өнім көлемін арттыру. Ақмола облысында бүгінде ет өңдейтін 16, сүт өңдейтін 15 кәсіпорын, 30 ұн тарту өндірісі және 8 май зауыты жұмыс істейді. Өңірде өндіріс пен қайта өңдеуді дамытуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ал өнімнің тұрақты қоры баға құбылған кезеңде нарыққа қосымша тауар шығаруға мүмкіндік береді.

СНХ: АЛМА ӘБДІРАХМАНОВА, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін екі негізгі тетік қолданылады. Біріншісі – өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өнімді алдын ала сатып алу және форвардтық қаржыландыру. Бұл қор нарықтағы баға өскен кезде тауарлық интервенция жасауға мүмкіндік береді. Екінші тетік – кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру. Несие 12 айға төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Бұл ретте дайын өнімнің тұтынушыға сатылатын бағасы да белгіленген деңгейден аспауы тиіс.

РКС: Жыл басынан бері облыста 200-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, 650 миллион теңгеге жуық өнім сатылған. Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мыңнан астам келісім-шарт жасаған. Оның 24-і өнім өндірушілермен, бір мыңнан астамы сауда нысандарымен жасалған. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар